388,81 430,50 6.08
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Даяшы дәмханаға келген қонақтың картасымен интернетте сауда жасаған

  • 61
  • UPD: 20:15, 08.11.2019

Қазір біздің елде интернет сауда қызып тұр. Алыс-беріске жеңіл, қол ұзарып қалды деп жүруші едік. Сөйтсек, алаяқтар бұл саланың да қадірін қашыра бастапты. Айласын асырып, өзгенің қалтасын қағып жүр. 

Ақерке құрбыларымен дәмханаға барамын деп, интернет алаяқтың құрбанына айналды. Мәселенің бәрі банк картасынан басталды. Кейіпкеріміз есептесу үшін оны даяшыға ұстата салған. Кейінгісі ондағы мәліметтерін жазып алып, артынша онлайн саудаға қатысқан. Сөйтіп, біраз уақыттан кейін Ақерке шотындағы ақшаның аяқасты азая бергенін байқайды. 

Ақерке Әбдуәлиева, жергілікті тұрғын:

- Екінші күні телефоныма банк картасынан ақша шешілгені туралы хабарламалар келе бастады. Барлығында онлайн сауда жасалғаны көрсетілген. Кейін білдім. 5 мың теңгеге дейін есеп айырысу үшін карта қожайынының рұқсаты керек емес екен. Бұл мүмкіндікті алаяқтар жеңіл табыс көзіне айналдырған. 

Кеіпкеріміз бірден полицияға шағымданып, артынша алаяқтық жасаған адам да ұсталды. Кейін оған 2 жыл бостандығын шектеу жөнінде жаза тағайындалды. Бірақ барлық іс осылай жылдам әрі сәтті шешіле бермейді. Өйткені алаяқтар жымысқы ойын іске асыру үшін жаңа технологияны ұтымды пайдаланады. Адамның сеніміне кірудің де небір әдіс-тәсілін меңгерген. Сондықтан, олардың құрығына түскендер алғашқыда алданғанын білмеуі де мүмкін. 

Саят Дүйсембаев, қалалық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:

- Қалай алдайды? Мысалы, жалған аккаунттардың көшірмелерін жасап алады да күдіктірлер, сонын адамдарға жарнамалайды. Автокөліктердің саймандарын сатамыз деп. Кейі киви кошелекке ақша лақтыр деп, адамдарды алдайды. 

Көлік саймандарын сатып алу бір мысал ғана. Дәл осылай тұрмыстық техника немесе жылжымайтын мүлік алғысы келгендер де жоқ жерден қомақты қаржысынан айырылуы мүмкін. Елорданың өзінде полицияға биыл дәл осындай мазмұндағы мыңнан аса арыз түскен. Оның 244-і ашылып, кінәлілер анықталды. Бірақ ең алдымен азаматтардың өзі сақтық танытқаны абзал дейді тәртіп сақшылары. Өйткені интернет қарқынды дамып жатқан заманда алаяқтар да өз ойын іске асырудың небір амалдарын ойлап тауып, алаяқтық әдістерін жетілдіре түсері анық. 

Авторлары: Аслан Қаженов, Әділғазы Төлеміс

Хабар 24 телеарнасы