386,68 428,91 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанайда әйелдердің саясаттағы ролін арттыруды көздейтін жиын өтті

  • 98
  • UPD: 21:44, 08.11.2019

Әйелдердің мәртебесін көтеріп, құқықтарын кеңейту керек. Осы орайда Қостанай облысында басқарушы лауазымына лайық әйелдердің «Ақ кітабын» шығару жоспарланып отыр.

Мұндай ұсынысты бұрымдылар «Kostanay Women: «Заманауи Қазақстандағы жаңа буын әйелдерінің құндылықтары мен мұраттары» атты пікірталас алаңында білдірді.

Отбасы, кәсіпкерлік және рухани өрлеу. Пікірталас алаңында осындай тақырыптар сарапталды. Топ-топқа бөлінген бизнес, қоғамдық бірлестік өкілдері мен ірі корпоративтік секторлардың мүшелері осы мәселелерді көтерді.   

Римма Бектұрғанова, облыстық саясаткер әйелдер клубының төрайымы:

- Еліміз тәуелсіздік алғалы бері аудан, қала әкімі лауазымына әйел тағайындалған емес. Ал олар бұл қызметке дайын екендерін бұрыннан дәлелдеді. Мақсатымыз қыз-келіншектердің саясаттағы белсенділігін күшейтіп, ер адамдармен тең құқылы жағдайда билікте орнығуына мүмкіндіктер қарастыру болып табылады. 

Үш ай бұрын құрылған «Қазақстанның әйелдер күші альянсы» қоғамдағы әйел мәртебесінің, оның экономикалық жағдайын жақсартумен айналысып келеді. Ұйым 20-дан аса үкіметтік емес секторды біріктірген.

Әзиза Шөжеева, «Қазақстанның әйелдер күші альянсы» төрағасының орынбасары:

- Әйелдер өз мүмкіндіктерін кеңейте алмай, әлеуметтік кәсіпкерлікпен шектелген. Олардың қоғамдағы үлес-салмағы мен көшбасшылық мүмкіндіктерін арттыру маңызды. Сол себепті біз ортақ мақсатқа жетуде үкіметтік емес ұйымдардың басын қостық.

Бүгінде облыстағы мәслихаттардың барлық деңгейіндегі әйелдердің үлесі 31 проценттен аспайды. Мемлекеттік деңгейдегі ұйымдарды басқарып отырғандардың қатары да көп емес.        

Несібелі Бәсенова, жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының басшысы:  

- Қостанай өңірінде 95 жеке сот орындаушы жұмыс жасайды. Оның 10 пайызы ғана әйел адамдар. Негізінен жұмыс өте қиын. Ер адамдармен қабаттасып тұрып жұмыс жасаймыз деп айтуға болады. Себебі сот актілерін ғана емес, басқа да қылмысқа түсіп жатқан істерді орындауға атсалысып жатырмыз.

Өңірдегі әйелдер қозғалысына биыл 20 жыл. Іс-шара аясында түрлі саладағы жетістіктері үшін 14 қыз-келіншек алғыс хатпен марапатталды. 

Авторлары: Данияр Сұлтан, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы