389,38 430,50 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеліктер интернеттегі алаяқтардың арбауына жиі түсіп қалып жүр

  • 80
  • UPD: 23:06, 08.11.2019

Ақтөбеде жыл басынан бері әлеуметтік желідегі жалған жарнамаға алданған 200 тұрғын полицияға шағымданған. Тәртіп сақшылары ол алаяқтарды амалын тауып ұстағанымен, бұл қылмыс түрінің азаяр түрі жоқ. Жалпы ғаламторды пайдаланып елді алдаудың қазір негізгі үш түрі белгілі.

Әлима Қосанова – алаяқтардың арбауына түскен ақтөбеліктердің бірі. Ол онлайн түрде рәсімделетін несиені тезірек алмақ болыпты. Себебі танымал әлеуметтік желіде орналасқан жарнаманың жалғандығына күмәнданбапты. Көрсетілген телефонға дереу хабарласып, талап еткен жеке құжаты мен суретін және жалақы алып жүрген картасының номерін жіберген. Алайда көп уақыт өтпей оған несиенің рәсімделмегені туралы хабар келген. Ал бұл әрекеттің заңсыз екенін жуырда ғана білген. 

Әлима Қосанова, қала тұрғыны: 

- Менің жалақы алатын карточкамнан бір ай бұрын 100 мың теңге алынғаны туралы хабарлама келіп түскен қаржы бөліміне. Сосын мен барлық хабарласқан парақшаны, хабарламаны, телефон номерін барлығын жазып, өзімнің құжаттарыммен полиция бөліміне келіп тапсырдым. Негізі қылмыскер қолға түсті, менің осы өтінішім сотқа жіберілді.

Ғаламтордағы алаяқтық деректерінің азамай отырғанын полиция қызметкерлері де мойындайды. Айтуларынша, интернет желісінде тауарлар мен қызметтерді жарнамалау, қаржы ұйымдарының атауларын бүркеніп адамдардан құжат қабылдау және қаржылық пирамидаға ақша тарту секілді үш түрі кең етек алған. Заңсыз істі кәсіп еткендер қажетті төлемдерді  әдеттегідей банктік шот арқылы емес, электронды нұсқада аударуларын сұрайтын көрінеді. Ал оларды тез анықтап ұстау, көп жағдайда мүмкін емес. Себебі алаяқтардың желіде жариялаған телефон номерлері ресми тіркеуде де жоқ дейді тәртіп сақшылары.

Сейітжан Дәулеткерей, қалалық полиция басқармасының тергеушісі:

- Бұл жағдайда біздің ескертетініміз тек банктік шоттарды қолдану арқылы ғана сатып алуды жүргізген жөн. Өйткені банктік емес - абоненттік нөмерлерді қолдану арқылы ақша аудару, мысалы, КИВИ-кошелок дейміз оны қолданған кезде сіз қылмыскерге қолайлы жағдай жасайсыз ізін суытуға. Біз құқық қорғау органдары олардың ақша аударымын санкция арқылы арттарынан іздейміз. Анықтаймыз. 

Жалпылай алғанда бұл тұрғыдағы деректер былтырғымен салыстырғанда екі есеге көбейген. Бұл қолма-қол ақшасыз төлемдер, электронды түрде аударудың артуымен де байланысты көрінеді. Яғни интернет арқалы жасалатын қызмет түрін алаяқтар да пайдаланып қалуға тырысады дейді полицейлер.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы