388,81 430,50 6.08
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысы Қаратал ауылының халқы жаңа мектептің салынуын жарты ғасыр күтуде

  • 69
  • UPD: 23:45, 08.11.2019

Көксу ауданына қарасты Қаратал ауылы тұрғындарының жаңа мектепті күткеніне жарты ғасырға жуықтаған. 11 жылдық білім ордасының болмауынан оқушылардың дені аудан орталығына қатынап оқиды. Ал бастауыш сыныптағылар 1971 жылы салынған ескі ғимаратта білім алып жатыр.

Оразбай ақсақалдың он екі немересі бар. Соның төртеуі осы мектепте оқиды. Медпунктпен жапсарлас салынған білім ордасы ескіріп, ішіндегі құрал жабдықтары да тозған. Спорт зал деген атымен жоқ. Балалар бой жазып, дене шынықтыру үшін далаға шығуға мәжбүр. 

Оразбек Сақаба, ауыл тұрғыны:

- Ең бастысы мына мектеп, өзі 70 жылдан ары салынған екен. Өзі ескіріп кетті. Өзіміз қорқамыз әуелі. Мектебіміз салынады дегелі жеті-сегіз жыл болды. Салынған жоқ. Фасоны міне мынау.

Қаратал ауылында  600-ге жуық адам тұрады. Өзен жағасындағы шұрайлы мекенге қоныс аударушылар қатары жыл сайын артып келеді.  Соның есебінен бала саны да көбейген. Қазір 100 оқушының 70-і  аудан орталығына автобуспен тасымалдау арқылы оқытылып отыр. 

Сайра Тоқтабаева, ауыл тұрғыны:

- Алып барып, алып келеді. Кейде бензин жоқ деп айтады. Үлкен мектеп салса дейміз. Балаларға үлкен площадка салса дейміз. Көшеде асфальт, освещение, интернет жоқ. Соны балалар оқи алмай аудан орталығына жібереміз. Ешқандай условия жоқ бұл ауылда. 

Көксу ауданында 25 мектеп бар. Солардың бесеуі осындай бейімделген ғимарат. 

Гүлбаршын Жексенбекова, аудандық  білім бөлімінің бас маманы:

- Аудандағы 5 мектеп бейімдестірілген ғимараттарда орналасқан. Оның біреуі салынып жатыр.ол 20 жылы аяқталады. Екі мектептің құрылысы басталады.  Сонда қалып тұрған Қаратал ауылындағы мектеп және Мәуленбай ауылындағы мектеп мәселесі. Қаратал ауылында 120 орындық мектеп ашсақ деген мәселе көтеріліп жатыр.  Жеңіс мектебіндегі мәселе де шешіледі деп ойлаймыз.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Алматы облысының 147 білім ошағындағы балалар мектепке бейімделген ғимаратта білім алып жатыр. Өзекті мәселені шешу үшін өңірде арнайы бағдарлама қабылданған. Ол бойынша алдағы 5 жылда 73 білім ордасы салынатын болады. Сөйтіп, қалыптасқан жағдайды біршама жақсартпақ.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы