388,81 430,50 6.08
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


2021 жылы Қазақстанда Жаһандық жер фестивалі өтеді

  • 126
  • UPD: 08:33, 09.11.2019

Жаһандық жер фестивалі 2021 жылы елімізде өтетін болады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Қазақстан экологиялық ұйымдары қауымдастығы төралқасының төрайымы Әлия Назарбаева мен Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының басшылығы бастаған еліміздің делегациясы Монако қаласында өткен форумға қатысты.

Жаһандық жер фестивалі – экология, жасыл экономика және жаңаша ойлау бағытындағы маңызды форумдардың бірі. Негізі ұстанымы өнер мен шығармашылық арқылы ғаламды әлеуметтік, экономикалық және ғылыми тұрғыда қайта жаңғыртуға бағытталған. Жаһандық іс-шараға еліміздің өкілдері де шақырылып отыр.

Қазақстанның әлемге әйгілі форуммен ынтымақтастығы жақында ғана басталды. Биыл Астана экономикалық форумына Жаһандық жер фестивалінің ұйымдастырушысы – танымал суретші Мария Ребекка Баллестра қатысқан болатын. Аталған іс-шарада екі жақ өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған. Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы төралқасының төрағасы Әлия Назарбаева және жер фестивалінің бас директоры, сондай-ақ өкілетті министр және Князь Альберт II мен қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі кеңесшісі Бернар Фаутьер кездесу барысында 2021 жылы елімізде Жер фестивалін ұйымдастыру туралы келіскен.

Рамазан Жампиисов, «Жасыл» технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының басшысы:

– Бүкіл ғаламшар үшін ұйымдастырылатын форум енді біздің жерімізде де өтеді. Осындай бірегей іс-шара қоғам алдына орнықты даму мәселесін көтеруге мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз – қоршаған ортаны қорғау, экология мен жасыл технологияларды дамытуға қатысты мәселелерді шешіп, күрделі жобаларды іске асыру.

Мария Ребекка Баллестра, жаһандық жер фестивалінің ұйымдастырушысы:

– Қазір біз 2021 жылы кезекті Жер фестивалін ұйымдастыруды талқыладық. Әдетте Венецияда немесе Монакода өтетін фестиваль енді Қазақстанда да өтетін болады.

Биылғы іс-шараға композитор, экология тақырыбындағы фильмдер мен фотоэкспозициялар авторы әрі The Beatles тобын құрушының ұлы – Джулиан Леннон, «Жерді сүйе біл» кітабының авторы – Флафио Грегори және өзге де тұлғалар қатысты. Форумның серіктестері – БҰҰ, ЭЫДҰ, Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобы, Климаттың өзгеруі жөніндегі Еуропа-Жерорта теңізінің орталығы, Мұхитты зерттеу музейі және Ұлттық географиялық қоғам.

Карим Дау, ЭЫДҰ халықаралық қатынастар бойынша хатшылық кеңесшісі:

– ЭЫДҰ Қазақстанмен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Бұл – біз үшін мақтаныш. Қазақстан – біздің маңызды серігіміз және ресурстарға бай ел. Сондықтан оның «қоңыр экономикасы» жақсы дамыған. Алайда осындай экономикалық құрылымды өзгертетін уақыт келді. Қазақстан осы бағытта қозғалуда. Оған қоса, елдеріңізде қоршаған ортаны қорғау және баламалы энергия туралы заңнама реформалары басталды.

Қазақстандағы Жер фестивалі климаттың өзгеруі мәселелерін шешу, орнықты даму мүмкіндіктері мен экологиялық мәдениет қалыптастыру тұрғысынан тек біздің еліміз үшін ғана емес, жаһандық ауқымдағы бірегей әрі инновациялық іс-шара болмақ.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы