389,38 430,50 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында кәсіпкер әйелдердің саны артқан

  • 85
Павлодар облысында кәсіпкер әйелдердің саны артқан

Павлодар облысында кәсіпке ден қойған қыз-келіншектер қатары артқан, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Биылғы жылы бизнес негізіне оқытылғандардың басым бөлігі – әйел адамдар. Кәсібін жаңадан бастағандарға мемлекеттік гранттар мен жеңілдетілген несиелер беріледі.

Анар Темірова – көп балалы ана. Тоқыма тоқудың қыр-сырын әжесінен үйренген екен. Қазір төртінші баласының күтімімен үйде отырған ол алаша, шағын кілемшелерді тоқумен айналысады.

Анар Темірова, кәсіпкер:

– Мен баудан тоқылатын кілемдерді ғаламтордан көрдім. Денсаулыққа зияны жоқ. Өте жеңіл жуылады. Ерекше күтімді қажет етпейді.

Қолөнерді жетік меңгерген шебер қызығушылықтан туындаған ісін әрі қарай кәсіп көзіне айналдыруды мақсат еткен. Жұмыспен қамту бөлімі арқылы «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша оқыту курсын тәмамдапты. Бизнес жобасын сәтті қорғап шыққан көп балалы анаға 505 мың теңгенің гранты берілді. Алынған қаржыға полиэфирлі жіп иіретін станок сатып алыпты.

Анар Темірова, кәсіпкер:

– Бұл станокта полиэфирлі жіптермен бірге жүннен иірілген жіптерді дайындаймын. Олардан ерекше бас киімдер тоқуға болады.

Павлодар ауданында «Бастау бизнес» және «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша 158 адам оқытылған. Олардың 95-і грантқа қол жеткізді. Солардың бірі - Нұржамал Борықпай отбасымен Ертіс өңіріне Түркістан облысы, Сарыағаш ауданынан қоныс аударған. Жас кәсіпкер тігін машинасын сатып алыпты. Қазір ұлттық нақыштағы кәде сыйларды тігеді.

Нұржамал Борықпай, кәсіпкер:

– Бұл кішігірім бизнесім. Бұдан да үлкен етіп дамытамын. Қазір қоржын, қалта тігумен айналысамыз. Енді келешекте қыз жасауын жасаймыз.

Жұмыспен қамту орталығының мамандары жеке кәсіп ашуға әйел адамдардың белсенділігі жоғары екенін айтады. Өйткені бағдарламаға қатысушылардың басым бөлігін қыз-келіншектер құрайды.

Нұрсұлу Тұрлыбаева, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:

– Біздің ауданда кәсіпкерлікке бет бұрған әйелдер саны артып келеді. Бүгінгі таңда кәсіп ашуға 781 әйел ниет білдірді. Олардың 101-і «Бастау бизнес» және «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша оқытылды. «Бастау бизнес» арқылы 72, «Жас кәсіпкер» бойынша 22 әйел грант алды.

Ауданда жұмыссыздық деңгейі біршама төмендеген. Кәсіпкерлікке ауыл тұрғындары тарапынан зор қызығушылық бар.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы