388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бердібек Сапарбаев бастаған үкіметтік жұмыс тобы Павлодар облысына барды

  • 93
  • UPD: 12:21, 09.11.2019

Бердібек Сапарбаев бастаған үкіметтік жұмыс тобы Павлодар облысында жастар бастамаларын дамыту орталығында болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қатысушылар тарапынан түскен ұсыныстарды тыңдап, қойылған сұрақтарға жауап берді. Одан кейін облыс орталығынан 50 шақырым қашықтықта орналасқан Ақсуға ат басын тіреп, шағын қаладағы «Ортопрот» оңалту орталығының тыныс-тіршілігімен танысты. Сондай-ақ ауылдық дәрігерлік амбулаториясын аралады. Үкімет мүшелері Евгеневька ауылының тұрғындарымен де жүздесті. ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов елді мекен жұртшылығына атаулы әлеуметтік көмектің тетіктерін түсіндіріп, мән-жайын айтты. Министрдің айтуынша, жағдайы мүшкіл отбасыларға 200 миллиард көлемінде қаржылай көмек көрсетіліпті.

Біржан Нұрымбетов, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Атаулы әлеуметтік көмек 2002 жылдан бері жағдайы төмен отбасыларға беріліп келеді. Бірақ соңғы жылы жәрдемақының көлемі, көмекке мұқтаж жанұялар қатарына өзгерістер енгізілді. Қазір елімізде 440 мың отбасы осы көмек түрін алып отыр. Павлодар облысында әлеуметтік көмекке мұқтаж 11 мың жанұя бар. Ал республика бойынша 2 миллион 200 мың адам ақшалай көмекті алады деген сөз. Атаулы әлеуметтік көмек отбасы расымен де аз қамтылған жағдайда ғана көрсетілетінін естен шығармаған жөн.

Ведомства басшысы айтқандай, атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін отбасының кірісі ең төменгі күн көріс деңгейі, яғни 29 698 теңгеден аспауы тиіс. Естеріңізге сала кетейін, жағдайы төмен жанұяларға берілетін бұл көмек түріне биыл 207 миллиардқа жуық қаражат қарастырылған болатын. Оның 147 миллиардқа жуығы үлестіріліпті. Жергілікті халықпен кездесу барысында Біржан Нұрымбетов жәрдемақы төңірегіндегі олқылықтарды да айтты. Мал-мүлкін өзгенің атына жазып, кәсібін жасырған 74 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алып келген болатын.

Хабар 24 телеарнасы