388,62 430,50 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысында кәсіпкерлердің 40% – әйелдер

  • 80
  • UPD: 15:30, 09.11.2019

Ақтөбе облысында 58 мың кәсіпкер тіркелген, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Оның 40 пайызы – әйелдер қауымы. Табиғатынан нәзік болса да, ерлер секілді еңбек етіп, көпке үлгі көрсетіп келеді. «Бүгінде әйел-кәсіпкерлердің басқаруындағы бизнестің қарқыны басым», – дейді мамандар. Сауда, қызмет көрсету және жеңіл өнеркәсіптен өзге, ауылдың ісін көркейтуге де үлес қосуда. 

Алена Быкова – жол бойында кемпинг ашқан кәсіпкерлердің бірі. Төрт жыл бұрын қолға алған ісі табысты болатынын мүлде ойламаған еді. Себебі кәсіп бастап жүргізуде талай қиындықтар болды. Әсіресе, қуат көзі мен көгілдір отын және азық-түліктің түрлерін де жеткізу мұң болатын. Алайда бұрын сауда-саттықпен айналысып, тәжірибе жинаған Алена еш мұңаймай, істі жүргізе берді. Бүгінде кемпингі жолаушылардың жиі тоқтайтын орнына айналып отыр.

Алена Быкова, кәсіпкер:

– Осы дәмхананы сатып алу үшін алдымен несие алдым. Кейін оны кеңейту қажет болды. Оған да қосымша қаржы алуыма тура келді. Аудандық әкімдік көмек көрсетіп, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 10 млн теңге берілді. Соның арқасында ісіміз қалыпты жолға түсіп, сәтті жүрді. Қазір қарыздарымыздан құтылуға айналдық.

10-нан астам ауылдасын жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер жолаушыларға да жергілікті ет-сүт өнімдерін ұсынуды жөн санаған. Алға қойған жоспары да көп. Таяу уақытта көлік жөндеу, май ауыстыру орталықтарын ашып, қонақ үй салмақ. Соңғы нысанының құрылысы қазір аяқталуға жақын.

Жол бойындағы сервис қызметін дамыту өңірде қарқынды жүруде. Республикалық және халықаралық маңызға ие көлік дәлізінде ондаған дәмханалар мен қонақ үйлер жұмыс істеп тұр. Тек Қарғалы ауданының өзінде былтыр екі кемпинг пайда болды. Бұған осы аудан арқылы өтіп жатқан Ақтөбе-Орск бағытындағы тас жолдың қайта салынып, көлік ағынының көбеюі себеп болған.

Бүгінде аудан бойынша мыңнан астам кәсіпкерлік субектісінің барлығы дерлік тұрақты жұмыс істеп тұр. Негізінен шаруа қожалықтары мен сауда-саттық және қызмет көрсету орындары.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы