384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бердібек Сапарбаев Ақмола облысы Зеренді ауданының тұрғындарымен кездесті

  • 258
  • UPD: 20:58, 09.11.2019

«Қазақшылықты қою керек. Денсаулық алдымен адамның өзіне қажет». Ақмола облысы Зеренді ауданы халқымен кездескен Бердібек Сапарбаев жыл сайын медициналық тексерістен өтпей, өзіне немқұрайлы қарайтындарға ескерту жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Вице-премьердің айтуынша, осындай салғырттықтың кесірінен ауру балалардың саны артып барады.

Аймаққа сапарында Үкімет басшысының орынбасары бала тәрбиесіне қатысты алаңдаушылығын білдіріп, кітапхана мен спорт залдардың қолжетімді болуы қажеттігін айтты.

Таңсәріден Көкшетау жұрты жәрмеңкеге асыға жетті. Ауыл шаруашылығы өнімдері мен тағамның түр-түрі қойылған алаңды Бердібек Сапарбаев та асықпай аралап шықты. Нанның бағасын сұрап, халықтың жай-күйіне құлақ түрді.

Қалалықтардың жайын көрген ол бірден облысқа қарасты Викторовка ауылындағы орта мектепке барды. Оқуда озат әрі тапқыр балалардың туындыларымен танысты. Мәселен, 6-сынып оқушысы Влад Гончарев ауыл шаруашылығында қолданылатын машина-роботты ойлап тауыпты.

Сондай-ақ Үкімет мүшелері Викторовка ауылының жергілікті жұртымен де жүздесті. 150-ден астам тұрғын қатысқан жиында көпшілік толық түсіне алмай жүрген мектеп оқушыларының жаңа білім жүйесі, атаулы әлеуметтік көмек, міндетті медициналық сақтандырудың тетіктері қайта түсіндірілді. Кездесу соңында халық түйіні тарқамаған түйткілдерді көтерді.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етуде әлі де шешілмеген түйткілдер бар. Бұл жерде маңыздысы – құжаттарды дұрыс рәсімдеу керек. Облыстағы ауызсу мәселесін естідім. Ол үшін бюджеттен 300 миллион теңге қарастыру керек. Сондықтан облыс әкімі мен Үкімет мүшелері бірігіп, атаулы проблеманы келесі жылы түбегейлі шешеміз.

Президент Қасым Жомарт Тоқаев тамыз конференциясында алдағы 4 жылда мұғалімдердің жалақысы 2,5 есеге жоғарылауы тиіс деген еді.

Сондықтан вице-премьер «жауапкершілік тек оқушыға ғана емес, ата-ана мен ұстазға да теңдей артылады», деді. Ал, оқушыларды оқыту мен білім сапасын бағалаудың тың жүйесін Шолпан Қарынова талдап берді.

Шолпан Қарынова, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары:

Бағалау «критериялдық» бағалау жүйесі деп аталады. Критериялдық бағалау жүйесінің ішінде бағалаудың  екі тапсырмасы бар. Біріншіден, ол СООР және СОЧ. СООР деп отырғанымыз бұл әр пән бойынша тоқсандық білім мазмұны болатын болса, оның бір бөлігі жаңағы СООР аталады да, бөлім бойынша бағаланады. Бірнеше тақырыптарды өткеннен кейін мұғалім оқушылармен осы бөлім бойынша не түсінді соның бір қорытындысын өткізіп, шағын бақылау жұмысын алады.

Вице-министрдің сөзінше, жаңа жүйенің артықшылығы көп. Бұдан былай, оқушыға күнделікті баға қойылмайды. Тек бір бөлім бойынша алған білімі тексеріліп, бақылау алынады. Ал, тоқсан бойғы жиған-тергені екінші реттік бақылауда белгілі болмақ.

Хабар 24 телеарнасы