384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысында «Бизнес 3 күнде» жобасы аясында 50-ге жуық адам кәсібін ашты

  • 167
  • UPD: 20:59, 09.11.2019

Маңғыстау облысында биыл «Бизнес 3 күнде» әлеуметтік жобасы бастау алды.

Мақсат – тұрмысы төмен отбасы мүшелерінің үйде отырып-ақ кәсіп ашуына қол ұшын беру. Сәйкесінше, бастама аясында мұндай азаматтардың қандай кәсіпке икемі бары анықталып, 3 күннің ішінде бизнесін бастап кетуіне толық жағдай жасалды. Қажетті техникалар мен шикізатты жергілікті меценаттар сыйға тартқан. Елімізде баламасы жоқ жоба аймақтағы 200-ге жуық отбасының тұрмысын жақсартуға жол ашты.

«Бизнес 3 күнде» жобасы жалғызбасты ана Ақмайра Убинованың өмірін түбегейлі өзгертті. Тігін машинасына қол жеткізгелі бері ол үйінде отырып, тыным таппай еңбек етуде. Сәуір айында басталған кәсібінен аз уақытта мол табыс түсе бастады. Жақында көмекке қос тігінші алып, бизнесін кеңейтуді көздеп отыр.

Ақмайра Убинова, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

- Машинаны, тігетін маталарын, жіптеріне дейін өздері әкеліп берді. Содан тіктік. Одан түскен қаражаттан келесі жолы өзіміз мата алып қолдандық. Тапсырыс жетеді. Осы отырғанда қыз жасауы, 9 көрпесі, жастығымен тігіп жатырмын. Осы айдың аяғына дейін аяқтап, бітіріп беруге келістім.

3 баланың анасы Ақмайра бүгінде танымал тігіншіге айналды. Оның тіккен ою және құрақ көрпелері, шымылдығы мен перделері Жаңаөзенде үлкен сұранысқа ие. Бір көрпесі 30 мың теңге тұрады.

Махаббат Нұржанқызы, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

- Майра апаның жұмысын Инстаграмнан көргенмін. Жұмысы өте қатты ұнады. Содан бүгін тапсырыс беруге келіп тұрмын. Маталарының сапасы да жақсы. Дизайндары ерекше сондай.

Әлеуметтік жоба аясында 50-ге жуық қала тұрғыны жеке кәсібін ашып, жұмыссыздар тізімінен шығарылды. Арасында көп балалы ана, жалғызбасты аналар мен тұрмысы төмен отбасылар бар.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы