384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атыраудың жедел жәрдем станциясына қауырт кездерде еріктілер көмектесіп жүр

  • 196
  • UPD: 15:14, 10.11.2019

Атырау қалалық жедел жәрдем станциясына тәулігіне 1000-нан астам қоңыраулар мен шақырту түседі екен. Оны станцияға қарасты 47 бригада уақытылы үлгеруі тиіс. Әрине техникалық мүмкіндікті айтпағанның өзінде, адами фактордың өзі осынша қарабаласқа шыдай бермесі анық. Соған қарамастан қиын да қызықты мамандық иелері адам жанына араша түсуі үшін қолдан келгеннің барлығын жасап бағуда. Үлгіре алмаған жағдайда оларға еріктілер көмекке келеді. Солардың бірі – ерікті Арман Қасымов. Мұнай саласының маманы бола тұра, қағілез азамат 11 жылдан бері жедел жәрдем қызметіне көмекестесіп келеді.

Қалалық жедел жәрдем станциясы тәуліктің қай мезгілі болмасын қарбаласқа толы. Себебі мұнда адам өмірі үшін күрес тынымсыз жүріп жатады. Қанша түрлі жан иесі болса, сонша тағдыр бар. Ал олар басы ауырып, балтыры сыздаса, дәрігерлерге жүгінері хақ. Жедел жәрдем-жаны қиналғанның ақырғы үміті. Мұнай компанияларының бірінде қаржыгер болып жұмыс атқаратын Арман, қолы қалт етсе, жедел жәрдем стансасына асығады. Ол 11 жылдан бері станса дәрігерлерінің қолқанатына айналған. 

Құралай Ысқақова, жедел жәрдем станциясының фельдшері:

- Арман жайлы айтатын болсақ, ол волонтер. Жұмысымызға көмегі өте зор. Көмектесіп, зембіл тасып, бізбен таңға дейін жүрген кездері болды. Сол үшін де оған көп-көп рахметімізді айтамыз. 

Жедел жәрдем қызметі  қашан да  артық қол көмегіне зәру. Еуропа елдерінде  бұл мақсатқа еріктілерді жұмылдыру көптен қолға алынған. Ал елімізде енді ғана қолға алынған қанатқақты жобаның алғашқы қарлығашы – Арман Қасымов.  Ол қолынан келгенше қиналғандардың қасынан табылуға, сол арқылы жедел жәрдемшілер жұмысына қолғабыс етуге қашан да дайын. 

Арман Қасымов, ерікті:

- Менің міндетім көлікті даярлау. Қажет болса, салон ішін тазалау. Көп жағдайларда ауыр жарақат алғандардан қан дақтары қалады. Ол келесі шақырушыға кері әсер етері анық. Сол себепті, кезекті шақыруға көлік те дәреглерлер де дайын болуы керек деп ойлаймын.  

Тәулігіне қалалық жедел жәрдем стансасына бір мыңнан астам шақыру түседі екен. Олардың ішінде түрлі жағдайлардан ауыр жарақат алғандар мен дерті дәрігерлер көмегіне жүгінетіндер аз емес. Егер сондай шақырулардың септігі тиіп, науқас аман қалса, онда Арман Қасымовтың да үлесі бар. Бүгінде мұнайлы өңірде еріктілерді жедел жәрдем қызметіне тарту кеңінен қолға алына бастады. Олар үшін арнайы шеберлік сағаттары ұйымдастырылып келеді Айтқандай, келер жыл еліміз бойынша «Еріктілер жылы» деп жарияланғалы отыр. Демек, қоғам жұмысынан  шет қалмайтын Арман сынды қағілез азаматтардың қатары толығары даусыз.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Матенов, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы