384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбылдық 1300-ден астам тұрғын қайтарымсыз гранттың арқасында кәсіпкер атанды

  • 279
  • UPD: 19:33, 10.11.2019

Жамбыл облысында 1300-ден астам адам қайтарымсыз грант алып, кәсіпкер атанды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Олардың 83 проценті – жұмыссыз жастар. Биыл кәсіп ашуға ниеттеніп, еңбекке араласқан азаматтарға 678 миллион теңге үлестірілген. Басым көпшілігі – әйелдер.

Алуа Орымбетова – шалғайдағы Мойынқұм ауылының тұрғыны. Жас маман жоғарғы оқу орнын аяқтаған соң ауылдан өз ісін бастауға бел буады. Алайда қаражаттың жоқтығы қолбайлау болып, кәсібін үйден ашты. Кейін жаңа бизнес үшін қайтарымсыз грант барын естіп, жұмыспен қамту орталығына жүгінген. Сәті түсіп, жобасы демде мақұлданды. Берілген қаржыға сән салонын ашты.

Алуа Орымбетова, кәсіпкер:

– Өзім макияжға қызығатынмын, курсын оқып бастадым. Оқытқан апайым көмектесті. Бір-екі аптада жинадық. Сөйтіп қорғап келдік, жұмыс істеп жатырмыз.

Биыл шалғай ауылдан кәсіп ашамын деушілердің қатары көбейді. Әсіресе әйелдер іскерлікке жақын. Жергілікті жұмыспен қамту орталығында жүзден астам азамат арнайы курстан өтіп, жаңа жоба ұсынған 32 адам қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізді.

Бақытгүл Қалымбетова, жұмыспен қамту орталығының директоры:

– Қазір Мойынқұмда ең нақты мал шаруашылығы болатын. Бірақ бүгінгі таңда халықтан түрлі ұсыныстар түсіп жатуына байланысты, құс өсіру, компьютерлік сервис, наубайхана, сүт өнімдері сияқты әртараптандырылып отыр.

Мамандардың мәліметінше, аймақта биыл қайтарымсыз қаражат екі мыңға жуық азаматқа берілмек. Ол үшін қазынадан 889 миллион теңге бөлінген.

Әлия Сапашева, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы:

– Негізі шағын несие бергенде де, қайтарымсыз грант бергенде де әйелдерге аса көңіл бөлінеді. Оларға 50-ден астам пайыз беріледі. Қазіргі таңда еңбек нарығында қажетті мамандықтар – тігінші, аспазшы кондитер. Жыл басынан бері осы мамандықтар бойынша облыста 2064 әйел қысқа мерзімдік оқудан өтті.

Қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізгісі келген әрбір азамат жұмыспен қамту орталығына қайырылуы тиіс. Қысқа мерзімдік кәсіптік оқудан өтіп, жаңа жобасын қорғаған жағдайда жаңа бизнесін бастай алады. Бірақ «Мемлекет қаржысының мақсатты жұмсалуы ескеріледі, – дейді мамандар.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы