384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында көп балалы отбасылар табиғи газға тегін қосылып жатыр

  • 202
  • UPD: 19:31, 10.11.2019

Алматы облысында мүмкіндігі шектеулі жандар мен көп балалы тұрмысы төмен отбасылар табиғи газға тегін қосылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Мәселен, бүгінге дейін осындай санаттағы 146 отбасының үйіне көгілдір отын кірген.

Газ құбыры үйіне тегін тартылғандардың бірі – Павел Анищенко. Ол көп балалы отбасы ретінде әлеуметтік жеңілдікті пайдаланып отыр. Қала тұрғыны енді көмір кіргізіп, күл шығармайтын болды. 

Павел Анищенко, қала тұрғыны:

– Біз жыл сайын 6 тоннадай көмір сатып алатынбыз. Шамамен 80 мың теңгеден аса қаражат жұмсайтын едік. Енді мұндай көлемде шығын шықпайды деп ойлаймын. Табиғи газ тартылған соң үйіміз жылы болады. Қуанышымызда шек жоқ.

Қала бойынша көгілдір отынға 7 мыңнан аса абонент қосылған. Биылдан бастап көп қабатты тұрғын үйлерге де құбыр тартыла бастады. Қазір шаһардағы 2300-ден аса пәтер иесі табиғи газды тұтынып отыр.

Бәтимә Бекбосын, қала тұрғыны:

– Газ кіргелі бері ақша жағынан үнемделіп жатыр. Мысалы, мен 230 теңге төледім. Ол бұрыңғы екі жарым мың теңгемен салыстырғанда, әлдеқайда төмен бағада. Біз сияқты көп балалы аналарға тиімді. Газдың жануы да жақсы.

Талдықорғанда әлеуметтік санатқа жататын 200-ден аса адамның баспанасы биыл табиғи газға қосылады. Сонымен қатар көп балалы отбасылар тұратын котеджді қалашықты да газдандыру жоспарланған. Жоба мемлекеттік және жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асып жатыр.

Айдын Татарханов, мердігер мекеме өкілі:

– Қараша айының алғашқы жартысында 100 үйге газ бере бастаймыз. Қазір керек құрылғылардың барлығы жеткізілді. Соларды құрастырып, газ желісіне қосу жұмыстары қалды. Тұрғындарға түсіністікпен қарауды сұраймыз.

Алматы облысында 17 аудан мен үш қала бар. 2014 жылы осы әкімшілік аймақтардың төртеуі ғана көгілдір отынға қосылған болатын. Бес жыл ішінде 15 аудан орталығына газ құбыры жеткізілді.

Владимир Тохтахунов, облыстық газ тарту мекемесінің директоры:

– Алматы облысында газға қосылмаған 5 аудан орталығы бар. Олар – Райымбек, Кеген, және Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандары. Осы үш ауданға газ тарту үшін техника-экономикалық негіздеме дайындалып жатыр. Келесі жылы Үшаралға дейін газ құбырын тартамыз. Сонымен қатар келесі жылы қалған екі ауданға газ тарту үшін құжаттарын жасаймыз.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

– Алматы облысындағы 150 шақты елді мекен тұрғындары қазір көгілдір отын тұтынып отыр. Сала мамандары жыл сайын 40 ауылды газдандырып отырмақ. Сөйтіп, кезең кезеңмен өңірдегі 700-ден астам елді мекенді көгілдір отынға қосатын болады.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы