384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Б.Сапарбаев: Дәрігерлердің басты міндеті – өлім-жітім көрсеткішін төмендетіп, өмір сүру ұзақтығын арттыру

  • 295
  • UPD: 22:05, 10.11.2019

Ақмола облысына жұмыс сапарымен барған премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев аймақтың дәрігерлерімен кездесіп, міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі оларға да зор міндет жүктейтінін жеткізді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Ал жергілікті халықпен жүздескен вице-премьер, мемлекеттің жасап отырған әлеуметтік қамқорлықтарын тілге тиек етті.

Елімізде дәрігерлердің жалақысы жыл санап көтеріліп келеді. Ауруханалар мен емханалардың материалдық-техникалық базасы нығайтылып, салаға жаңа технологиялар енгізілуде. Дегенмен медицинада науқастарға селқос қарайтын жағдайлар көптеп кездесіп жатады, дейді Бердібек Сапарбаев.

Бердібек Сапарбаев, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

– Мемлекет дәрігерлер мен медицина мекемелеріне барлық жағдайды жасап отыр. Бірақ соның қайтарымы шамалы. Дәрігерлердің басты міндеті – өлім-жітім көрсеткішін төмендетіп, халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыру.

Мұнан соң Бердібек Сапарбаев қала мектептерінің мұғалімдерімен кездесті. Жиында жаңартылған білім жүйесі мен педагогтардың жүктемесінен бастап, оқулықтардың сапасы, оқушылар тамағы, мектептердің жабдықталуы мен жөндеу жұмыстарындағы бірқатар проблема талқыланды.

Ал халықпен кездесуде тұрғындар Үкімет мүшелеріне тікелей сұрақ қоюға мүмкіндік алды. Мұнда негізінен жұмыспен қамту және азаматтардың әлеуметтік қамтамасыз етілуіне басымдық берілді.

Бердібек Сапарбаев, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

– Мемлекет өзінің халқының алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін толығыменен орындап отыр. Уақытында жалақы, жәрдемақы, зейнетақы, шәкіртақы беруден ешқандай мәселе жоқ.

Осы тұста айта кету керек, халықты қолдауға кәсіпкерлер де үлес қосып келеді. Мәселен, Ақмола облысында бизнес өкілдерінің көмегімен мұқтаж отбасыларға 176 пәтер берілген. Жиында сондай-ақ заңсыз тағайындалған атаулы әлеуметтік көмекті мемлекетке қайтару мәселесі де сөз болды. Үкімет мүшелері оларға қысым көрсетілмейтінін, ал орынсыз алған жәрдемақыны шамасы келгенде ғана қайтаруға болатынын жеткізді.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко, Марат Таубаев

Хабар 24 телеарнасы