384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырауда мұнай-газ саласы мамандарын даярлайтын орталық ашылды

  • 228
  • UPD: 22:07, 11.11.2019

Атырауда мұнай-газ өнеркәсібіне қажетті мамандар мен инженерлерді қайта даярлықтан өткізетін тренингтік орталық ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Орталық «Теңізшевройл» және Schneider Electric компаниялары арасындағы келісім негізінде құрылып отыр. Аталған оқу орталығы мұнай-газ саласы мамандарының біліктілігін арттыруға қызмет ететін болады. Сондай-ақ жаңа орталықта тек Атырау облысы ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінен де болашақ инженерлер тегін дәріс алуына мүмкіндік бар.

Жаңа орталықтағы оқыту процесі осы заманғы ең озық технологияларға негізделген. Мұнда тыңдаушыларға кешенді бағдарлама жасақталған. Негізгі оқу бағдарламасына қосымша инновациялық жаңалықтар және сандық технологияға қатысты дәрістер де оқыту жоспарланып отыр. Алғашқы лекте 50 тыңдаушы біліктілігін арттыратын болады.

Максим Агеев, «Schneider Еlectric» компаниясының қазақстандағы бас директоры:

– Мұнда өңірде жұмыс істеп жатқан компаниялардағы жаңа қондырғылармен жұмыс істеуге барлық жағдай қарастырылған. Отандық мұнай мамандары мен инженерлер шетелдік техникамен етене таныса алады. Біз бір мезгілде 16 адамды екі топқа бөліп оқытамыз.

Бүгінде мұнайлы өңірде 500-ден астам шетелдік, бірлескен компаниялар ірі жобаларды жүзеге асырып жатыр. Мұндағы өндіріске осы заманғы ең озық технологиялар енгізілген. Мамандардың жаңа үрдісте дайындаудағы мақсаты: мұнай-газ өнеркәсіптеріндегі жоғары технологиялық қондырғылармен жұмыс істеуге баулу.

Деннис Сима, «Теңізшевройл» компаниясының өкілі:

– Орталықтың ашылуы өңір экономикасының өркендеуіне де серпін береді. Бүгінде мұнай-газ саласы сандық технологиялармен жарақтандырылған. Оған білікті мамандар керек. Қазір осы салаға қазақстандық мамандарды көптеп тарту міндеті тұр. Сол себепті біз болашақ мұнайшыларды аталған орталық арқылы қайта даярлаудан өткізіп жатырмыз.

Оқу орталығынан алған практикалық тәжірибе инженерлер мен мұнай саласы қызметкерлерінің халықаралық стандартарға сай маман болып шығуына ықпал етеді. Олар бұл жерде қазіргі өндірісте қолданылатын ең озық, ең күрделі қондырғылдармен таныса алады. Бұл өз кезегінде, отандық мамандардың ірі мұнай-газ жобаларына белсене араласуына көмектеседі. Бір назар аударарлығы, орталық тыңдаушылары өндірістен қол үзбей біліктіліктерін арттыра алады.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин.

Хабар 24 телеарнасы