376,74 415,79 5,93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетау саяжайларындағы жарықтың бағасы неліктен қымбат?

  • 250
  • UPD: 20:35, 11.11.2019

Көкшетауда саяжай тұрғындары «жарықтың тарифі бізде өте қымбат», – деп шағым жасап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айтуларынша, қаладағылар 15-18 теңге төлесе, шаһар шетіндегі саяжайларды паналаған халық бұдан екі есе артық шығындалады. Осылайша олар айына электр қуатына 10 мыңнан 30 мың теңгеге дейін қаражат жұмсайды екен.

4-5 жыл бойы саяжай алқабында қысы-жазы тұрып жатқан Серік Ахметжанов «бұл проблема бізді әбден қажытты», – дейді. Себебі, жарықтың тарифі қалтаны қағып барады. Оның үстіне жыл сайын қымбаттайтын көрінеді. Ал мәселе жақын арада шешілмесе, тұрғындар еліміздің бас прокуратурасына дейін арызданамыз деп оқталып отыр.

Серік Ахметжанов, саяжай тұрғыны:

– Жыл сайын бізде жарықтың бағасын көтеріп жатыр. Үкімет 1 теңге көтерсе, бұлар 5 теңге көтереді. Ешқандай қадағалайтын орган да, адам да келген емес. Жолдың арғы бетінде, арамыз 30 метр, олар арзан төлейді, біз неге қымбат төлейміз?

Ал бұл маңайға жақында ғана көшіп келген Алина Демещенко «жарықтың тарифін көріп, жағамды ұстадым», – дейді.

Алина Демещенко, саяжай тұрғыны:

– Біз негізінен үйде бола бермейміз. Тек кешкілікте ғана. Электр қуатын да көп қолданбаймыз. Бірақ соның өзінде қазір айына 7 мың теңгеден төлеп отырмыз. Ал қалада тұрғанымызда жарықтың ақысы 3 мың теңгеден аспайтын.

Тұрғындардың айтуынша, аталған саяжайда жыл он екі ай тұрып жатқан 300-ден астам отбасы бар. Ал Зеренді тасжолының бойындағы саяжайларда тағы 100 шақты үй қоныс тепкен. Барлығында да осындай проблема. Кооператив басшыларының сөзіне сенсек, олардың өздері жарықты қымбатқа сатып алатын көрінеді.

Алексей Шумейко, саяжай кооперативінің төрағасы:

– Осыдан бір жыл бұрын электр қуатын таратын мекеме, барлық саяжай кооперативтерін заңды тұлға деп қабылдап, жарықты бәріне бірдей 21 теңгеден сатып отыр. Алайда, бізден басқа ешқандай кооператив әділет орындарына тіркелмеген. Ал 21 теңгеге алынған жарық неге қымбаттайды десеңіз, бұған саяжай ұйымының электр қуатын жеткізудегі өз шығындары қосылады. Сондықтан, баға осылай қалыптасады.

Ал жергілікті билік өкілдері болса, саяжай кооперативтерінің тірлігіне араласа алмаймыз дегенге келтірді.

Кәмила Әубәкірова, қала әкімінің кеңесшісі:

– Бұл мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін тұрғындар алдымен саяжай кооперативімен өзара жасалған келісім-шартты дұрыстап зерттеулері керек. Себебі, әкімдік олардың ісіне араласуға құқылы емес. Алайда, бұл мәселе бақылауда болады.

Әкімдік өкілі осылай деп қысқа қайырды. Анықталғандай, электр қуатын жеткізетін мекеме де бұған мүдделі емес. Осылайша бұл мәселе басы ашық күйінде қалып отыр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный.

Хабар 24 телеарнасы