426,50 518.00 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шымкенттік аниматорлар «Көне құмыра сыры» атты жаңа мультфильм түсіріп жатыр

  • 1713
  • UPD: 21:31, 11.11.2019

Бұл тарихи-танымдық туындының авторлары оның жоғары сұранысқа ие болатынын айтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шымкеттегі «Сақ» киностудиясы 18 жылдан бері анимациялық фильмдерді түсірумен айналысып келеді. Өнімдерінің көбі Отанды сүюге, қоршаған ортаны қорғауға арналған және достықты ту еткен туындылар. Олардың дені, әрине, қазақ ертегілерінен бастау алады. Кішкентай көрермендерін жақында «Көне құмыраның сыры» атты анимациялық фильммен қуантпақшы.

Береке Жүнісов, аниматор:

– Балаларға сол тарихи нәрселерді көрсету керек болды. Екеуі сол баяғы заманға өтіп, Әл-Фараби, Отырар, Арыстанбаб деген сияқты, солардың тарихын балаларға білдіру.

Кішкентай екі қыздың бастан кешкен қызықты оқиғалары туралы бұл мультфильм желтоқсан айында көрерменге жол тартады. Тағылымы мол, тарихи-танымдық туындыны аталған киностудияның ютубтағы арнасы арқылы тегін көруге де болады. Көрерменнің қазақ мультипликациясы туралы пікірі қандай? Талап-тілектері бар ма? Оған киностудия басшылары нендей уәж айтады? Тыңдап көрелік.

Гүлназ Демеуова, психолог:

– Мысалы шетелдің мультиктері «Тачки», «Маша и медведь» аңды да қосқан. Бәрін қызықтырып әкеліп, тәрбиелік мәні содан шығып отыр. Бізде де түстері ашық болса деп ойлаймыз. Қанық болса, персонаждардың түрлері, түстері анық болса..

Нұриддин Патеев, киностудия басшысы:

– Қазақтың анимациялық фильмдері неге нашар дейтін болсақ, біздің анимациялық фильмдеріміз шетелдегі қатысып жатқан мынау фестивалдардан орын алмас еді. Қазір шетелде 80-90 ел қатысып жатқан анимациялық фестивалдардан біздің фильмдеріміз мысалға бірінші орындарды алып келіп отыр. Сондықтан да оның жанры нашар немесе сапасы нашар деп айтуға болмайды.

Бүлдіршіндер «Алдар Көсе», «Қошқар мен теке» сияқты мультфильмдерді қызыға тамашалайды. «Балаларға түрлі жанрдағы анимациялық туындылар көрсетілуі тиіс. Әйтпесе мультипликаторлар кішкентай көрермендерін жалықтырып алады»,– дейді балабақшадағылар.

Нұржамал Адырбекқызы, тәрбиеші:

– Балаларға өзінің деңгейіне, жас ерекшеліктеріне қарай мультфильмдер шығарғанын біз, әрине, сұраймыз. Балалардың ой-өрісін кеңейтетін және тәрбиелік мәні бар, қазақтың ұлттық ойындары туралы мультфильмдері болып жатса, соны жіберсе, соларды шығарып жатса, бір оған қуанамыз.

Гүлназ Демеуова, психолог:

– Бала деген көзбен бәрін көргеннен кейін соны есте сақтап алады ғой. Сондықтан балаға тәрбиелік мәні бар мультфильмдер көрсеткен жөн. Тәрбиелік мәні жоқ мультфильм балаға теріс әсер етеді. Соны ол бала қайталайды. Сондықтан үйде ата-ана лажы болса, тәрбиелік мәні бар мультфильм көрсетуі керек. Бала болашақта жақсы бала болып өсуі үшін.

Отандық аниматорлар қазақ ертегісінің кейіпкерлері шетелдік туындылардан еш кем емес екенін айтады. Мәселен, қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Қазақ елі» толықметражды мультфильмі Мысырда өткен фестиваль кезінде үш бірдей аталым бойынша жеңімпаз атанды. «Дегенмен, ондай туындылардың түсірілмегеніне біраз болды. Өйткені қаржы тапшы», – дейді шымкенттік аниматорлар. 

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Катерина Попкова.

Хабар 24 телеарнасы