384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шығысқазақстандық көкөніс сатушылар дүкен сөрелерінде жергілікті өнімдердің жоқтығына наразы

  • 156
  • UPD: 08:33, 12.11.2019

Шығыс Қазақстан облысында биыл 400 мың тонна картоп жиналды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл тұқымға қалатын және сақтау кезінде кететін шығындардың барлығын алып тастағанда, өңір аталған өніммен 200 процентке қамтылды деген сөз. Алайда қала базарынан жергілікті өнімдерді табу қиын. Есесіне сөрелерде сырттан тасымалданған, бағасы удай қымбат өнімдер толып тұр.

Көтерме сауда базарында кісі қарасы аз. Өйткені мұндағы бағадан адам шошиды. Орамжапырақтың бір келісі – 100 теңге. Өткен айдағы бағамен салыстырғанда 20 процент айырмашылық бар. Осы жерде 15 жылдан бері тапжылмай жұмыс істеп келе жатқан Әйкен Сәрсекеноваға бұл күндері көкөністерің удай қымбат деп өкпелейтіндер көбейген. Алайда ол алған өнімге бар болғаны 5-15 теңге ғана қосамын дейді. Сауданың ебін білетін әйелді ашындыратын жайлар көп. Өнімнің сырттан тасымалдануы, жол сапасы, өз өніміміздің өзімізге жетпей жатқаны жайлы айтар базынасы көп.

Әйкен Сәрсекенова, кәсіпкер:

– Жанармай қымбат. Алматы-Өскемен жолы дұрыс істелмегенше, камаздар Өскеменге келмейді. Облыс әкімі Даниал Ахметовке де жол туралы айтқым келеді. Содан кейін шаруа қожалықтары картоптың бәрін Өзбекстанға әкетіп жатыр, өзімізге жетпей жатқанда. Неге тексермейді, оның қайда кетіп жатқаны, ал халық баға үшін бізге наразы.

Әзірге картоп Өскеменге Павлодардан тасымалданады. Сондықтан көршілес өңірдің бағасына көнбеске амал жоқ. Бір келісі 75 теңгеден. Бұған базардағылар өз бағасын қосып, 80-нен сатып жатыр. Жекелеп сататындар тіпті 100-теңгеге өсіріп жіберген. Шығысқазақстандық шаруалар шығарған өнімдерін қоймаға жиып, әліптің артын бағып отыр.

Ержан Нұрбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Былтырғы жағдай қиындау болды, ауыл шарушылығында өнімдер көбірек болды да, бағасы болмады, одан соң шаруалардың көңілі қалған сияқты, енді бағаны күтіп отыр.

Өткен жылғыдан сабақ алған жергілікті шаруалар биыл картопты аз еккен. Дегенмен шығымы жақсы болып, 424 мың тонна жиналды. Оның 300 мыңы азық-түлік мақсатына жұмсалмақ. Бірақ осы қордың 90 процентке жуығын тұрғындардың өз ауласында еккен өнімі құрайды. Әрине оның базарға түсуі екіталай. Сондықтан жергілікті картоп әзірге тек тұрақтандыру қорында ғана жеткілікті мөлшерде.

Олжас Құдайбергенов, қалалық кәсіпкерлік бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Сәбіз 400 тонна, орамжапырақ 450 тонна, картоп 1400 тонна, қала бойынша 33 сауда нүктесі жұмыс істеп тұр. Соның ішінде 15 сауда нүктесі бойынша аталған өнімдер 70 теңгеден, ал коммерциялық орындарда 77 теңгеден. Аталған өнім саудаланады.

Жалпы бұл қорға биыл 5700 тонна көкөніс жиналыпты. Олардың арасынан өңірде аз өсірілетін сарымсақ, сәбізді де сатып алуға болады. Сөйтіп анағұрлым арзан көкөніс іздегендерге әзірге бұл да бір мүмкіндік.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы