384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында мемлекеттік грант арқылы 100 кәсіпкер өз ісін ашып үлгерген

  • 150
Павлодар облысында мемлекеттік грант арқылы 100 кәсіпкер өз ісін ашып үлгерген

Жұмыспен қамту шараларына Павлодар облысының шамамен 1 жарым мың тұрғыны қатысқан, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бүгінгі таңда бизнес негіздеріне 160 адам оқытылыпты. Олардың арасында мемлекеттік грант арқылы 100 кәсіпкер өз ісін ашып үлгерген.

Кемеңгер ауылының тұрғыны Михаил Птахов бұған дейін де мемлекеттің көмегіне жүгінген болатын. Өткен жылы алған қайтарымсыз қаржыға сиыр сауатын машина алыпты. Сауын сиырлардың санын арттырып отырған шаруашылық үшін бұл аппарат аса қажет болатын.

Михаил Птахов, кәсіпкер:

– Мен мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмекті тиімді пайдаланып отырмын. Сауын сиырларды сатып алып, өнім көлемін арттырып жатырмыз. Келешекке жоспарымыз көп. Қазір сауылған сүтті қалаға жөнелтеміз.

Ата-анасына қолқабыс ете жүріп, ауыл тірлігіне жастайынан араласқан Михаил жұмыстан қорықпайды. Ол бала күнінде қоян асырап табыс тапқанын айтады. Енді міне мал шаруашылығымен айналысуды қолға алған. Ірі шаруа қожалығын ашу арманын біртіндеп жүзеге асырмақ.

Ал осы ауылда тұратын Константин Верясов алдына биік мақсат қойып отыр. Қазір мал бордақылап сатады. Мемлекеттік бағдарламаны ести сала, құжат дайындауға кіріскен ол бес жүз мың теңгенің грантын алған. Қазір сол қаржыға қара мал алып, жемге қойыпты.

Константин Верясов, кәсіпкер:

– Бұл бағдарлама маған ұнайды. Мемлекет жастарға қолдау көрсетіп отыр. Бүгінгі күні жас кәсіпкерлерге жол ашық. Өзім келесі жылы несие алсам деймін. Канададан «ангус» сиырларын әкелмекпін. Келешекте жер алып, асыл тұқымды мал өсірумен айналысқым келеді.

Кемеңгер ауылында мұндай мысалдар көп. Мемлекет есебінен кәсіпкерлікті дамытуға бел буған тұрғындардың қатары артып отыр.

Дариға Саханова, аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы:

– Үстіміздегі жылы 32 адам оқытылған. 22 адам «Бизнес бастау», 9 қатысушы «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша курстан өтті. Олардың тоғызы 200 айлық есептік көрсеткіш бойынша қаржы алып, бизнеске қажетті қондырғылар сатып алды.

Келесі жылдың да жоспары айқын. Мемлекеттік бағдарлама бойынша қазірдің өзінде 14 адам бизнес-жоба әзірлеу үстінде. Бастамалар да әр түрлі.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы