384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада 6 мыңға жуық азамат алимент төлеуден жалтарып жүр

  • 191
  • UPD: 17:59, 12.11.2019

Айыппұлы, алименті мен төленбеген салығы бар көлік жүргізушілерінің темір тұлпарлары айып тұрақтарына тоғытылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осылайша, елордада қараша айының 4-інен бастап «Борышкер-2019» жедел алдын алу шарасы жалғасын тапты. Рейд жұмыстарын Нұр-Сұлтан қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті, жеке сот орындаушылары мен жол-патрульдік полиция қызметкерлері бірлесе атқарып жатыр. Бір апта ішінде жалпы қарызы 1 млн теңгеден астам 15-ке тарта ескерту берілді. Ал ұзақ уақыт бойы ірі айыппұл көлемін төлемеген азаматтардың жылжымалы мүлкі уақытша тәркіленіп жатыр.

Мейрлан Махамбетов, қала бойынша мемлекеттік кірістер департаменті бөлімінің бас маманы:

- Осы күнге дейін екі Range Rover автотұраққа қойылды. Оның сомасы шамамен 1 млн 200 мың теңге. 13 жеке тұлғаға хабарлама берілді. Оның сомасы 720 мың теңге. Жол талғамайтын көліктер көбінесе салықты төлемей жүреді. Соларды қазір рейд кезінде ұстап, автотұраққа апарып төлеткіземіз.

Мәселен, «Сергек» бейнебақылау камерасының нысанасына түскен сондай борышкерлердің бірі – Қуаныш есімді азамат. Анықталғандай, көлік жүргізушінің жарты миллион теңгеге жуық салық қарызы бар екен. Осыған байланысты жол талғамайтын көлігі айып тұрағына әкетілді. Алдағы уақытта қарызын өтемесе, жылжымалы мүлкі бірыңғай электрондық сауда-саттық алаңында сатылымға шығарылады.

Айта кеткен жөн, қалада 6 мыңға жуық азамат алимент төлеуден жалтарып жүр. Олардың жалпы қарызының көлемі 5 млн теңгеден асады.

Хабар 24 телеарнасы