384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«ҚазМұнайГаз» мен «Шелл Қазақстан» басшылары «Қожасай» газ өңдеу зауытына барды

  • 150
  • UPD: 22:47, 12.11.2019

Кен орындарын игеру барысында ауаға жағылып кететін ілеспе газды толығымен пайдаға жаратуға болады.

Ақтөбе облысындағы шикізатты өңдейтін осындай зауыт газ саласының болашағы деп аталып отыр. Инновациялық кәсіпорынды салу мен пайдалану моделі мұнай-газ саласындағы ең күрделі проблемаларды шешуде өз тиімділігін көрсетті. «Шелл Қазақстан» концернінің басшылығы да кәсіпорын жұмысымен танысып, жоғары баға беріп отыр.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен «Шелл Қазақстан» концернінің басшылары Ақтөбе облысындағы «Қожасай» кен орнына жұмыс сапарымен барды. Оливье Лазар бастаған мамандар Байғанин ауданындағы кен орнында ілеспе газды қайта өңдеу және тазалау зауытының жұмысымен танысты. Өткен жылдың соңында ғана іске қосылған бұл газ өңдеу зауыты жылына 400 миллион текше метр тауарлық газ шығаруға қауқарлы. Қазақстандағы көгілдір отынның әлеуеті жоғары екенін атап өткен Оливье Лазар Қожасайдағы зауыттың моделін жаппай қолдану арқылы көп мәселені шешуге болатынын айтады.

Оливье Лазар, «Шелл Қазақстан» концернінің басшысы:

Мұндай зауытты көптеп салу керек. Олар сенімді әрі жақсы жұмыс істейді, құны қымбат емес. «Қожасай» зауыты осы сөзімізге дәлел болады. Мен мұндағы жұмыстың тиімділігін көрдім. Өндірістегі қайта өңдеу, тазалау ісі жақсы жолға қойылған.

Ауаға зиянды заттардың шығарылуын азайтуға мүмкіндік берген зауыт өңір экологиясына айтарлықтай үлес қосып келеді. Өндірісте цифрлық технологияларды молынан енгізіп еңбектің өнімділігін арттыруға болатынын да нақты іспен көрсетіп отыр. «Қожасай» зауытымен жақын танысқан «Шелл» басшысы мұндай жобалардың тиімді екенін атап өтті.

Оливье Лазар, «Шелл Қазақстан» концернінің басшысы:

- Біз мұндағы зауыттың бизнес үлгісін мұқият қарап шықтық. «Шелл» компаниясында да екі нысан бар екенін білесіздер. Олар Қарашығанақ пен Қашаған. Сондықтан біз мұндай жобаларды маңызды деп қарастырамыз. Себебі аса ірі болмаса да, өндірістік әлеуеті өте үлкен.

Газ өңдеу зауытының жұмысы газдың ресурстық базасын ұлғайтуға да септігін тигізуде. Ал өңірлік және республикалық бюджет алдағы 7 жыл ішінде 10 миллард теңгеден астам сомаға салықтық түсімдермен толығады.

Хабар 24 телеарнасы