378,36 406,00 5,78

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістандық кәсіпкерлер касса аппаратымен жұмыс істеуге асығар емес

  • 304
  • UPD: 10:04, 13.11.2019

Кейбір сауда орындарында әлі күнге дейін түбіртек берілмейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл шаһардағы бизнестің бір бөлігі көлеңкеде қалып отырғандығын айғақтайды.

Мынау сауда үйі Түркістан қаласының қақ ортасында тұр. Мұнда 50-ге тарта киім-кешек сататын дүңгіршік орналасқан. Олардың бірде біреуінде кассалық аппарат жоқ. Тіпті оның не үшін қажет екендігін білмейтін саудагерлер де бар. Елімізде бірінші сәуірден бастап онлайн касса аппаратттарын пайдалануға кезең-кезеңімен көшу шаралары басталған. Бұл жаңалық салық төлеу жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар тауарды нарыққа шығарылғанынан бастап, сатылғанға дейін бақылауға мүмкіндік береді. Бірақ бұл бастамаға кейбір саудагерлер әлі күнге дейін қарсы. 

Насихат Өсербаева, саудагер:

– Мысалы, бізде киім сатып алады ғой. Бір апай келіп көйлек алады. Оны қайтып әкеледі екі күнде. Ал біз екі аптаның ішінде ол көйлектік ақшасын қайтаруымыз керек немесе көйлекті ауыстырып беруіміз керек. Бізге тиімсіз. Ал оның ішінде «кері қайтару» деген жоқ дейді.

Қалада 11 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысандары тіркелген. Оның тек 80 проценті касса аппаратын сатып алған. Ал оны қаншалықты пайдаланатындығы белгісіз. Қазір мемлекеттік кірістер комитеті жүйеге мобильдік қосымша енгізген. Егер де дүкендер, кафе мен қонақ үйлерде чек беруден бас тартқан жағдайда болған жағдайды бейнекамераға түсіріп осында онлайн режимде жіберуге болады. Құзырлы мекеме қызметкерлері бірден шара қолданады. 

Әлібек Лесов, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы:

– Егер де чекті бермей кассалық аппаратты пайдаланбаған жағдайда әкімшілік кодекс бойынша санкция салынып, ескерту беріледі. Егерде бір жыл ішінде заңбұзушылық қайталанса айыппұл салынып, жауапқа тартылады.

Мамандар жаңа қосымшаның арқасында екі айдың ішінде 3 заңбұзушылықты анықтаған. Оларға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, айыптылар жауапқа тартылды.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Рауль Ғабитов.

Хабар 24 телеарнасы