384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырауда қасапшылар жылқыны балғамен ұрып өлтірген

  • 351
  • UPD: 20:27, 13.11.2019

Атыраулық мал сою цехында қасапшылар жылқыны қан шығармай, балғамен ұрып өлтірген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлеуметтік желі арқылы тараған осы жағдайға қатысты облыста арнайы комиссия құрылып, мал соятын орындарда жаппай тексеру басталды.

Бұл қасапханалардың бірінде болған жағдай. Оны көзімен көрген азамат әлеуметтік желіге жүктепті. Бүгін мал сою цехына жергілікті билік пен барлық құзырлы орган өкілдері келіп жағдайды зерделеуге кірісті. Ал қасапхана бүгіннен бастап жұмысын тоқтатты. Меншік иесі аталған жайға қатысты түсінік беруден бас тартып отыр. Дегенмен ол жауапкершіліктен құтылмайды, дейді құқық қорғаушылар.

Назымгүл Қайсағалиева, облыстық ПД баспасөз хатшысы:

– Бұл фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Яғни Атырау облыстық полиция департаментімен қылмыстық кодекстің 3316-бабының 1-бөлігі, яғни жануарларға қатыгездік таныту фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.

Мал – адамның азығы дегенмен, оларды тап осылай қорлау атамыз қазаққа жат қылық. Тіпті мал сою ережесінде де ұрып өлтіруге жол берілмейтіні ақиқат. Демек аталған қасапханадағы жағдай адамдық қағида мен заң тұрғысынан алғанда сорақылық болып отыр.

Азамат Айтқали, облыстық ветеринария басқармасының басшысы:

– Бұл жерде тиісті ережеде малды есінен тандыру деген бөлім бар. Әрбір мал сою бекетінде аттестациядан өткен өзінің жауапты маманы бар. Осы мамандар барлық технологиялық процеске қатысады.

Атырау қаласы бойынша мал союға арналған 5 қасапхана жұмыс істеп тұр. Олардың әрқайсысында тәулігіне 15-20 бас мал сойылады. Ал оның адал-арамын анықтау – құзырлы органдардың міндеті. Айтқандай, осы оқиғадан соң облыстағы барлық қасапханаларда тексеру басталды.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов

Хабар 24 телеарнасы