384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Текелідегі мектепте қайтыс болған оқушының неден көз жұмғаны анықталды

  • 272
  • UPD: 22:39, 13.11.2019

Текелідегі №4 мектепте қайтыс болған оқушының неден көз жұмғаны анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес бала тұншыққан.

Нақтырақ айтқанда, тыныс алу жолына қаламсаптың бір бөлігі тұрып қалған. Қайғыдан қара жамылған отбасы жасөспірімге мейірбике дер кезінде көмек көрсетсе, аман алып қалуға болар еді дейді.

Қыршыннан қиылған Айқын Ермектің сыныптағы орны қазір ойсырап бос тұр. Жасөспірім өз партасына соңғы рет қарашаның 11-інде отырған. Сол күні ол алғашқы сабақтан кейінгі үзілісте достарымен бірге асханаға жарыса жөнелген екен. Алайда орта жолда халі нашарлап, есінен танған. 

Шыңғыс Қалиден, тілші:

– Қайғылы жағдай мектептің екінші қабатқа көтерілер баспалдақ дәлізінде болған. Мұғалімдер екінші сыныптың оқушысын осы жерде ес-түзсіз жатқан жерінде тауып алған. Ұстаздар балаға бірден алғашқы медициналық көмек көрсеттік деп отыр.

Гүлнәз Жайнақова, мұғалім:

– Осында көтеріп әкеліп, алғашқы медициналық көмек көрсеттік деп отыр. Аузынан үрлеп. Сол сәтте бір минут өтті ме, жедел жәрдем келді. Жедел жәрдем келіп, сол кісілерге тапсырып, әрі қарай шығып кеттік.

Дәрігерлер баланың өмірін сақтауға тырысқанымен, еш нәтиже шықпады. Жасөспірім білім ордасында көз жұмды. Бүгін ет жақындары жеткіншекті жер қойнына тапсырды. Медициналық сараптаманың нәтижесі де белгілі болыпты.   

Жанар Оразалинова, марқұмның апасы:

– Тыныс алу жолына қаламның бұрайтыны кетіп қалған деді. Аузына салып жүрген бе, сол кетіп қалыпты.

Қайғыдан қара жамылған отбасы балаға алғашқы медициналық көмекті білікті маман көрсетсе, аман алып қалуға болатын еді деп отыр. Өйткені оқыс оқиға кезінде мектепте мейірбике болмаған. 

Хамза Қалдиева, марқұмның нағашы апасы:

– Медбике болғанда баланың ауа жетпей тұншығып жатқанын түсінер ме еді. Атасы келем дегенше, бала жүріп кетіпті.

Айнагүл Төлемісова, мектеп мейірбикесі:

– Бір мен екі аралығында вакцина алуға барғанмын. Сол уақытта маған хабарлады. Мен жедел жәрдем шақыртыңдар дедім.

Серік Үпиев, облыстық ПД ресми өкілі:

– Аталған дерек оқыс оқиға ретінде тіркеуге алынды. Дегенмен осындай жағдайда жүргізілуі тиіс сараптамалар тағайындалды. Сараптамаға сәйкес процесуалдық шешім қабылданатын болады.

Биыл мұндай жағдай өңірде екінші рет қайталанып отыр. Осыған дейін Кербұлақ ауданында 4 сыныптың оқушысы мектеп қабырғасында жүрек талмасынан көз жұмған еді.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы