384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарлық ТЖД мамандары «Қыс» республикалық оқу-жаттығу шарасын өткізді

  • 157
  • UPD: 10:24, 14.11.2019

Павлодар облысына әлі қар түскен жоқ. Бұл қысы қатты солтүстік өңір үшін тосын құбылыс.

Дегенмен, синоптиктер «алдағы күндері  айнала ақ көрпесін жамылады» деп болжам жасаған. Төтенше жағдайлар департаменті жуырда «Қыс» республикалық штабтық оқу-жаттығу шарасын өткізіп, қолдағы техниканың мүмкіндіктерін тексерді. Ал, жолдарға жауапты сала қауіпсіздікті күшейткен.

Биыл күз мезгілі жылдағыдан ұзағырақ болды. Бірақ жолда құтқару қызметі жұмыс қарқынын бәсеңдеткен емес. Жолдарға қызмет көрсету телімдерінде қар тазалау техникалары сақадай сай тұр. Олар ауа райының кез келген жағдайында жұмыс істеуге  даяр.

Олег Левченко, «Қазақавтожол» РМК ПОФ 61 телімінің басшысы:

Қысқы техниканың 12 бірлігі бар. Олардың бәрі жұмыс істеп тұр. Ауыр техникаға арналған 20 жылы боксымыз бар. Оқыс оқиғалар болып жатса, жылыту қосындарымыз шамамен 100-150 адамды қабылдай алады.

Бүгінгі таңда барлық жолға қызмет көрсету телімдері инертті материалдармен толық қамтамасыз етілген. Бұл жұмыс аудандарда да жалғасын тапты. Республикалық маңызы бар «Павлодар-Курчатов» тасжолын осыдан екі жыл бұрын мұз басып қалған болатын. Биыл ауданда көктайғақтың алдын алу шаралары ерте бастан қолға алынды.

Заңғар Дарабаев, жолға қызмет көрсету телімінің басшысы:

- Енді ПГМ бір 400 тоннадай, отсев 450 тонна , құм 200 тоннадай бар. 40 тоннадай тұз да бар. Тағы да тасып жатырмыз. Осы екі үш күн бұрын қар жауған, соны толық тазалап, артынан құм шашып, барлық жұмысты атқардық.

Облыс бойынша биыл 208 жылыту қосынын жасақтау көзделген. Қар басу қаупі бар жоғары жол бөліктері анықталды. Ол жерлерге қар тазалау техникалары шоғырланады. Бұл – шамамен 300-ге жуық техника бірлігі. Сондай-ақ 200 тонна жанар-жағармай қоры дайындалған. 

Ернұр Өтегенов, облыстық ТЖД басшысы:

- Техникалар бәрі дайын. Жанар-жағармай дайын. Бүкіл жеке құрам қыс мезгілінің киімдерімен дайын тұр. Бұдан басқа, бүкіл республикалық, облыстық, аудандық белгілер бойынша жолдарда дайындық жұмыстары жүргізілді. Бүкіл техникалар, қар тазарту, тайғақ жерде болатын инертті материалдар дайындау жүргізілді.

Қыс мезгілінде республикалық және облыстық маңыздағы жолдарға қажетті көктайғаққа қарсы қоспа және құм мен тұздың 17 мың тоннасы әзірленген. Бүгінгі таңда жол қызметтері күшейтілген жұмыс кестесіне көшті.

Ермұрат Нұрханов, «Қазавтожол» АҚ ПФ директорының орынбасары:

Барлық жолға қызмет көрсету телімдерінде жедел штаб құрылған. Сонымен қатар боран соғып, қар қалың жауған жағдайда жолды тазалаумен айналысатын кезекші қызмет тобы жұмыс істейді.

Синоптиктердің болжауынша, алдағы күндері облыс аумағында қар жауады. Одан кейін күн сәл жылынып барып, қайтадан төмендейді. Қатты аяздар Ертіс өңіріне қарашаның соңына қарай келуі ықтимал.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы