419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістанды тағы да қою түтін басты

  • 1629
  • UPD: 20:16, 14.11.2019

Киелі шаһардың күн суытса болды көмір иісі мен көк түтіннен көз ашуы қиын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал билік өкілдері бұған көмір жағатын жеке секторды кінәлайды. Құрылысы қызған Түркістанға көгілдір отын да жеткізілуі тиіс.

Түркістан тұрғындары биыл да көк түтінге тұншықты. Жылыту маусымы басталғалы бері қаланы қою қара түтін тұмшалап алды. «Жер үйлер мен жылу қазандықтарының мұржасынан шыққан түтіннің иісі қолқаны қауып, көзді ашытады. Тіпті ауа жұтып, дем алуды қиындатады», – дейді киелі шаһар тұрғындары. Сондықтан көк түтіннен тек көгілдір отын ғана құтқаратынын айтады.

Айзада Тұрғанқұл, қала тұрғыны:

– Түркістан қаласын таңертең және кешке көк түтін басады. Бұл әсіресе, қыс мезгілінде тұрғындардың демалуына қатты әсер етеді. Ал егер газ мәселесі шешілетін болса, бұл мәселеде шешілер еді.

Әбіл Тастанбеков, қала тұрғыны:

– Расында түтіннің ортасында жүреміз. Кешке қарай тіпті түтін басады. Жүре алмайсың, амал жоқ. Айтуын айтып жатырмыз.. Газ жағын өте өтінеміз, жалғыз мен емес, бәрі. Газды дұрыстап өткізсе, халықты қамтамасыз етсе, тазалық болса, жақсы болар еді.

Соңғы күндері ауа райы желсіз тымық болғандықтан түтін де сейілмей тұр. Мамандардың пікірінше, түтінді тұманның адам денсаулығына кері әсері де бар. Оның құрамындағы күкірт, азот тотығы мен көмір қышқылы сияқты зиянды газдар түрлі ісік ауруларын тудырады. Демек, түркістандықтардың шулайтындай жөні бар. Ал құзырлы органдар ыстан улану жағдайын болдырмау мақсатында қала аумағын аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бірақ соған қарамастан өткен жылы облыс аумағында 17 ыстан улану оқиғасы тіркеліп, 23 адам қаза тапқан.

Нұрболат Мекембаев, облыстық ТЖД басқармасының бас маманы:

– ТЖД бөлімінің бос қызметкерлері улы газды болдырмау мақсатында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда 3015 үйдің электр жабдықтары жөнделіп, 2316 үйдің пеш қондырғылары жөнделді.

Қазір Түркістан қаласын жаппай газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қалалық ТКШ бөлімі басшысының айтуынша, шаһарды газдандыру жұмыстары 3 кезең бойынша жүргізілуде. 1-кезең бойынша, бұдан дейін шаһар халқының 26% табиғи отынмен қамтылған болатын. Қазір 2-ші және 3-ші кезеңдер жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстарға 4 млрд жуық қаржы қаралып, оған 44 шақырым газ құбыры тартылмақ. 

Нұрсұлтан Жарасов, қалалық ТКШ бөлімінің басшысы:

– Түркістан қаласы облыс орталығы болуына байланысты қазіргі таңда газдандыру мәселесі 2-ші және 3-ші кезеңге бөлінген. 2-ші және 3-ші кезең бойынша атқарылған жұмыстарға сәйкес жыл соңына дейін 65 пайызы қамтылатын болады. Ал қалған 45 пайызы 2020 жылы орындалып, қала тұрғындары 100 пайыз газбен қамтамасыз етіледі. 

Демек, қала тұрғындарының әлі де біраз уақыт көк түтін жұтып, көмір жағуына тура келеді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.

Хабар 24 телеарнасы