384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандыда таяуда тапсырылған үйдің сапасы сын көтермейді

  • 147
  • UPD: 20:16, 14.11.2019

Қарағанды қаласының жаңа ауданында салынып жатқан 16 қабатты үйдің де жыры бітпей-ақ қойды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындар да шаршады. Ыстық су жоғарғы қабатқа жетпейді.

Жылуы мардымсыз. Жедел саты жұмыс істемейді. Енді үйдің қабырғасына сызат түсіп, қорқынышты одан сайын ұлғайтты.

Қаланың қақ ортасындағы Бауыржан Момышұлы көшесінде орналасқан бұл көпқабатты үйдің 3-подъезі осыдан 5 жыл бұрын тапсырылған. Ал қалған екі блогы 2017 жылы ел игілігіне берілуі керек еді. Алайда жауапсыз мердігер жұмысты жарты жолда тастап кеткен. Осыдан соң жергілікті билік құрылысты аяқтау үшін өзге компаниялармен келіссөз жүргізіп, әйтеуір қыркүйекте 4-блокқа тұрғындар қоныстанған болатын. Бірақ қуаныш ұзаққа созылмады. 

Гүлдана Мұратова, қала тұрғыны:

– Әкімшілік бізге суы, жылуы, жарығы жоқ үйді тапсырды. Мұнда тіпті, лифт те жұмыс істемейді. Бізге қолымызға кілтті берді, болды. Бірақ мұнда тұру мүмкін емес. Балам бар, не істерімізді білмейміз. Әр ай сайын 103 мың теңге ипотека төлеймін, сонда не үшін?

Мұнда қазір көп балалы отбасылар, жалғызбасты аналар, мемлекеттік қызметкерлер тұрып жатыр. Барлығы да ұзақ жыл үй кезегін күткен мұқтаж жандар. Қазір көпшілігі сапасыз салынған үйді өз күштерімен қайта қалпына келтіруде.

Тұрғындардың айтуынша, ыстық су алтыншы қабаттан әрі аспайды екен, себебі жертөледе қысымды күшейтетін насос жоқ. Жылу да мардымсыз. Ал жедел саты мүлдем жұмыс істемейді. Жұртқа күнделікті 16-қабатқа жаяу шығуға тура келеді. Ол аздай, енді үйдің қабырғасы жарыла бастаған. Тұрғындар бұдан қауіптеніп отыр.

Кристина Шефер, қала тұрғыны:

– Тұрғындар бірігіп, өз күшімізбен маяк қойдық. Қабырға жарылып жатыр. Кей тұсқа тіпті алақан сыйып кетеді. Құлай ма деп қорқамыз. Кәсіби мамандар келіп тексеру керек қой. 

Жалпы бұл үй «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша салынған. Қазір әкімдік қалған 5-подъездің құрылысын аяқтаудың амалын қарастырып жатыр. Ал жұмысты жарты жолда тастап кеткен жауапсыз компанияның әрекеті сотта қаралуда.

Рашид Төлбаев, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

– Мердігер компания банкрот болғандықтан жұмысты әрі қарай жалғастыра алмайды. Сондықтан келісімшартты бұзып, қайтадан байқау жарияламақпыз. Бесінші блоктың құрылысын аяқтау қажет. Себебі ондағы пәтерлер әлдеқашан бөлініп қойған. Тұрғындардың қоныстойды тағатсыздана күтіп жүргенін білеміз.

Жергілікті билік 5-блоктің құрылысын келесі жылы аяқтаймыз деп ант су ішіп отыр. Ал сапасыз салынған 4-подъездегі жұмыстарды мердігер компания жөндеуі тиіс. Бірақ тұрғындар бұған күдікпен қарайды.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев.

Хабар 24 телеарнасы