428,68 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда кәсіби гид тапшылығы қалай шешілмек?

  • 999
  • UPD: 20:50, 14.11.2019

Реестрге тіркелгендердің саны 150-ге де жетпейді екен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туристердің еліміз жайлы жан-жақты ақпарат алуына кедергі. Сондықтан ұлттық туристік компания жол нұсқаушыларды халықаралық стандартқа сай оқытуды қолға алмақ.

Туризм саласындағы айрықша мамандықтардың бірі – экскурсия жүргізуші гидтер. Өкінішке қарай, еліміздегі ЖОО-да жол нұсқаушылар оқытылмайды. Сондықтан болар, жыл өткен сайын кәсіби гидтердің жетіспеушілігі қатты сезіледі. Елде жол нұсқаушылардың орташа жалақысы 180 мың теңге шамасында. Ал әлем бойынша 500 доллар екен.

Қазір Қазақстан бойынша 150-ге тарта маман бар. Ішкі туризмді дамытуға ден қойған еліміз үшін бұл тым аз. Енді «Қазақтуризм» ұлттық компаниясы келер жылдың соңына дейін тағы 200 гидті дайындап шығармақ.

Гауһар Жеңісбек, туризм индустриясын дамыту департаментінің директор:

– Елімізде гидтерді дайындайтын курстар бар. Бірақ олар арнайы қабылданған стандартқа сүйенбейді. Түрлі деңгейдегі оқытушылар дәріс береді. Курстар 2 апта, кейде 6 айға дейін жалғасады. Бұл сапаның ақсауына әкеп жатыр. Әрі жол нұсқаушылардың белгілі бір нысан жайлы деректері әрқилы. Бұл дұрыс емес. Сондықтан, біз тренинг жүргізуді қолға алдық. Бір аптада гидтердің халықаралық қауымдастығы оларға сабақ береді.

Бұл курстарда білікті тренерлер де оқытылады. Мұның маңызы зор. Себебі, ұлттық компания туристік операторларға арналған ақпараттық турларды өткізіп келеді. Баянгүл Мұқатай өзінің 20-дан аса әріптесімен еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерін аралады. Оның айтуынша, туристерді тартар ақпараттық нүктелер әлі де аз.

Баянгүл Мұқатай, туристік оператор:

– Америкадағы туристер көп қызығушылық білдіріп жатыр. Мысалы, Ақтау өңіріндегі біз көрген ерекше жерлер Бозжыра, Қарақия ойысы деген, Бекет ата, Шопан деген жерасты мавзолейлері, бұл жерге туристер келіп, түнеп, осы жерлерді көреді екен.

Бұл қадамдар – еліміздегі ішкі туризмді дамытуға бағытталған. Ақпараттық турлардың нәтижесінде 800-ден аса келісімшарт жасалды. Келесі бағыт Ақмола облысы. Оған еліміздің 12 қаласынан туроператорлар аттанбақ. Ендігі мақсат – қазақ, орыс, ағылшын, француз және қытай тілдерін еркін меңгерген гидтерді дайындау.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ғани Алшымбаев.

Хабар 24 телеарнасы