384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үкіметтік жұмыс тобы Жамбыл облысына барды

  • 212
  • UPD: 22:01, 14.11.2019

Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысына барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үкіметтік жұмыс тобы бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстарды көрді.

Аймақта қазір медицина саласында кадр тапшы. Өңірге 100-ге тарта дәрігер қажет. Өткен жылы арнайы зерттеу жұмыстары нәтижесінде аймаққа 95 алғашқы санитарлық көмек көрсету нысаны қажеттілігі анықталған. Бүгін осы мәселені шешу бағытындағы кешенді шаралар таныстырылды.

Облысқа қажетті 95 алғашқы санитарлық көмек көрсету нысанын салу бағытында кешенді жол картасы әзірленген. Жоспарға сәйкес бұл дәрігерлік амбулаториялар 2 жыл ішінде салынып, елді мекендер толықтай қамтылуы тиіс. Бүгінгі таңда оның 30-ның құрылысы аяқталып пайдалануға берілді. Бердібек Сапарбаев ауылда салынған шағын медициналық мекемелердің біріне арнайы барып, қызметкерлермен кездесті.

Қазір қалған 65 нысанға қатысты жұмыстар жүріп жатыр. Жергілікті билік қыруар қаржатты талап ететін мәселені шешуде қаржы мен уақыт үнемдеудің тиімді жолын тапқан.

Марат Жұманқұлов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– 95 объектіге 6 миллиард 200 миллион теңге. Ал енді жаңағыдай үнемделген сметаны пайдалану және жекеменшік әріптестік қағидаларын қолдану нәтижесінде бұл екі есе арзандап отыр. Яғни барлық 95 нысанға 3 миллиард 200 миллион теңгеміз кетіп отыр.

Шағын шаруашылықтарды біріктіру арқылы еңбек өнімділігін арттыру аймақтардағы басым бағыттардың бірі. Бұл тұрғыда Әулиеата өңірінің тәжірибесі мен көрсеткіші көпке үлгі. Аудан, ауылдарда жаппай кооперативтер құрылып, жұрт бірлесіп еңбек етудің тиімділігін түсінді. Пилоттық жоба аясында жергілікті халық жерлерін біріктіріп, мал басын қосып қажетті техника алуды қолға алған. Мәселен, бір ғана Қостөбе ауылында 200-ге жуық аула бірігіп, тірлік бастаған.

Панзихан Медетбеков, Қостөбе ауылының тұрғыны:

– Табыс көзім қазір 60-70 мыңды құрайды. Бірақ енді ол аздау болып тұр. Енді осы жобаның арқасында табыс көзіміз 4 есеге асайын деп тұр. Қарапайым халыққа өте тиімді жоба болып тұр.

Үкімет өкілдері ауылдық ағайынмен кездесіп кәсіпкерлікті қолдауға қатысты ауқымды ақпар берді. Жерді тиімді иегеріп мемлекет ұсынып отырған мүмкіндіктерді пайдалану қажеттігін түсіндірді.

Бердібек Сапарбаев, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

– Ешкімнің әкесінен қалған жер мұра емес. Жер ол мемлекеттің жері. Ешкімге ешқандай мәселе жоқ. Жерді алдыңыз ба, оны тиімді пайдалану керек. Біріншіден, жердің құнарлылығын сақтауымыз керек. Екіншіден, одан тиісті өнім алуымыз керек. Мына жобаның ары қарай жүріп кетуі әрбір отырған сіздерге байланысты.

Премьер-министрдің орынбасары Алтын орданың 750 жылдығына арналған «Талас құрылтайы: тарих пен тағылым» атты халықаралық конференцияға қатысты. Онда елімізбен қатар Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Моңғолия сияқты елдердің тарихшы ғалымдары Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтуге қатысты өз ойларымен бөлісіп пікір алмасты.

Бердібек Сапарбаев, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

– Тарих қойнауында зерттелмеген көп мәселелер бар. Ендігі біздің міндетіміз солардың барлығын тек қана өзіміздің күшімізбен емес басқа да мына мемлекеттердің ғалымдарының, мамандарының көмегімен зерттеп, басқа ұлттарға, мемлекеттерге таратуымыз керек.

Көне тарихи шаһарды дамытып, туристік қалаға айналдыру жұмыстары басталып кеткен. Қазір ескі базар сүріліп орнына «Шахристан» тарихи-мәдени кешенді орталығы салынып жатыр. Мұнда 60 шеберханадан тұратын қолөнершілер қалашығымен қатар 7 ғимарат бой көтерді. Қазір құрылыс жұмыстары 80 процентке аяқталған. Сонымен қатар Әулиеата кешені де салынуда. Айта кету керек, бұл нысанды салуға бюджеттен бір тиын да жұмсалмаған. Енді мұны өңірдің 80 жылдығында ел игілігіне беру көзделіп отыр.

Еркебұлан Дауылбаев, облыс әкімінің орынбасары:

– Жалпы 335 мың туристі қамтуды жоспарлап отырмыз. Жаңағы сіз көрген мұнараның арғы жағынан бізі канат жолын жасағалы отырмыз. Мың жылдық тарихымызды көрсету үшін үлкен қамал соққалы отырмыз. Қазіргі таңда бірінші кезеңін бастап кеттік. Бұл – Әулиеатаның өзінің тұрған жері. Әулиеатаға үлкен ескерткіш қойылғалы отыр. 22 метрлік. Ең биік ескерткіш.

Жұмыс тобы бұдан әрі қарай мұғалімдер, ардагерлер және жастармен кездесті. Жалпы, Үкімет мүшелері бүгінгі күнге дейін тындырылған тірлік пен жаңа бастамаларды жоғары бағалады.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә.

Хабар 24 телеарнасы