384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алдағы екі жылда Қызылорда қаласы көгілдір отынмен толық қамтылады

  • 255
  • UPD: 23:55, 14.11.2019

Қызылорда облысында елді мекендердің 40%-і газдандырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір 80 мыңнан астам тұтынушы көгілдір отынның игілігін көріп отыр. «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясының инвестициялық жобасы аясында Қызылорданың іргесіндегі Қарауылтөбе ауылы да газ жүйесіне қосылды.

«ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізіп, қарауылтөбелік 3 мыңдай тұрғынның үйіне газ жеткізді.

Талғат Қызылбаев, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының директоры:

– 2019 жылға Қарауылтөбе елді мекенін газдандыру жоспарда болмаған. Комитетке шығып, түзету жасап, мердігер компания мамыр айында жұмыстарды бастаған. Қыркүйек айында бітірді, қазіргі таңда Қарауылтөбеде 200 абонент көгілдір отын алып отыр.

Ауылға газ келіп, үйіне жаз орнап, көңілі шат-шадыман күйге бөленген жанның бірі – Эльмира Ертуғанова. Бұған дейін газ баллонын қолданып, көмірмен пеш жағып келген ол бірінші кезекте қауіпсіздікке алаңдайтын едік дейді.

Эльмира Ертуғанова, Қарауылтөбе ауылының тұрғыны:

– Бұрын от жағып, күл шығарып бейнетін көретін тұғынбыз. Жұмыстан келген кезде үйіміз салқын болып тұратын. Қазір өте жақсы жаңалық, үйіміз жып-жылы. Бала-шағамыз, ата-енемізбен бәріміз қуанып жатырмыз.

«ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясының өңірді газдандыруға бағытталған инвестициялық бағдарламасы арқасында бұған дейін облысымыздың 5 ауданына газ жеткізілді. Бүгінде Қызылорда қаласына қарасты 2 кент пен 7 ауылдық округтің бесеуіне газ тартылған. Алдағы 2 жылда облыс орталығы көгілдір отынмен толық қамтылады.

Нұрлыбек Нәлібаев, қала әкімі:

– Жылдың аяғына дейін Ақсуат ауылдық округін де толығымен газбен қамтамасыз етеміз деп отырмыз. Ол жерде 8 мыңға жуық халық тұрады.

Қарауылтөбедегі әлеуметтік нысандардың жылыту қондырғылары да келер жылы газ пештерге ауыстырылады. Осылайша мыңдаған тұрғын тиімді отынның қызығын көріп, зиянды түтіннен құтылады. Өз кезегінде, тұрғындардан газды қолдануда қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау талап етіледі.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Байділдаев.

Хабар 24 телеарнасы