429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау индустриялық паркіндегі кәсіпорын саны 12-ге жетті

  • 557
  • UPD: 12:08, 15.11.2019

Биыл Маңғыстау индустриялық паркіне үш кәсіпорын көшіп барған, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Осылайша, мұндағы жұмыс істеп тұрған өндіріс нысанының саны 12-ге жетті. 213 гектар жерді алып жатқан парк аумағы теміржол және инфрақұрылым желілерімен қамтылған. Мұнда өз ісін бастағысы келген кәсіпкерлерге жеңілдіктер де қарастырылған.

Біздің мекеменің жұмысы осы үстелдан басталады. Бұл жердің негізгі мақсаты – әр детальға өзіндік размерін беру, көлемін келтіру.

Қызметі автоматтандырылған цехта пенопластан ғимарат сыртын безендіруге қажет тақташалар жасалады. Ұжымда тоғыз адам еңбек етеді. Шағын кәсіпорын Маңғыстау индустриялық паркі құрылған 2017 жылдан бері үзіліссіз жұмыс істеп тұр. Күні бүгінге дейін 250 мың шаршы метр өнім шығарған. Шикізат бұрын ішкі нарықтан сатып алынған болса, биылдан бастап осы жерде дайындала бастады.

Қуаныш Ақлепесов, өндірістік цехтың бас маманы:

– Қалып қойған қалдықтарды қайта өндіреміз. Ол қоқыс болып лақтырылмайды. Экологияға зиянын келтірмейді. Қайта ерітіп, шикізат ретінде қабылдайтын Ресейде фабрикалар бар. Парктің тиімді тұсы – өте ыңғайлы орналасқан. Басқа облыстарға жіберетін болсақ та, тиеу ыңғайлы. Жылумен қамтамасыз етілген біздің цехтың өзі.

Келесі цехта мұнай-газ ұңғымалары құралдарын жөндеуге арналған мобильдік көпірлер жасалады. Алпауыт темір құрастырылым сырт көзге шана тәріздес болып көрінеді. Дайын болған соң тиісті жерге апарып, қойылады. Мұның үстіне құбырлар мен мұнай сору-айдау қондырғыларын орнатуды осы кәсіпорын жұмысшылары атқарады. Парк ішінде шойынжолдың болуы ауыр жүкті платформаға салып жіберуге мүмкіндік береді. 

Жолдыбай Қайтқұлұлы, учаске шеберінің міндетін атқарушы:

– Жиырмасын беру керек болды. Алты айдың ішінде тапсырамыз. Осы желтоқсанның ішінде тапсырып болуымыз керек. Екі жыл болды жасап жатқанымызға. Жағдайымыз шүкір, жақсы. Парктің жақсы қызметін көріп отырмыз. Қай саладан алсаң да, тиімді тұстары көп.

Самал Жиенқұлова, Маңғыстау индустриялық паркінің келісімшарттарды әзірлеу менеджері:

– Жаңадан ашылған мекеме болса, алты айға дейін ештеңе төлемейді. Болмаса 50 процент жеңілдікпен отырады. Теміржол және басқа да салалар бойынша тарифтеріміз арзан. 243 мың шаршы метрдей бос ғимараттарымыз бар. Офистік кеңселерді де ұсына аламыз. Мұнай-газ сақтайтын үлкен резервуарларымыз бар. Өнеркәсібі жүрмесе де, қойманы жалға ала алады.

Маңғыстау индустриялық паркі қала сыртындағы бұрынғы пластмасса зауытының орнында тұр. «Жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында жұмысы қысқа мерзімде бір жүйеге түсті. Келер жылы мұнда аймақ әкімдігінің тапсырысымен әлеуметтік маңыздағы азық-түліктерді сақтау қоймасы қолданысқа берілмек.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы