429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Turkish Airlines Ыстамбұл – Түркістан әуе бағытын ашуға қызығушылық білдірді

  • 651
  • UPD: 12:45, 15.11.2019
Turkish Airlines Ыстамбұл – Түркістан әуе бағытын ашуға қызығушылық білдірді

Түркия әуекомпаниясы салынып жатқан әуежай пайдалануға берілгеннен кейін Ыстамбұл – Түркістан бағыты бойынша рейстер ашуға қызығушылық білдірді.

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

10 қарашада Түркияның Ыстамбұл қаласында Қазақстан – Түркия үкіметаралық экономикалық комиссиясының экономикалық ынтымақтастық жөніндегі 11-отырысы аясында Қазақстан Республикасының индустрия және инфрақұрылымдық дамыту министрі Бейбіт Атамқұлов «Turkish Airlines» директорлар кеңесінің төрағасы Мехмет Илкер Айджи мырзамен кездесті.

Тараптар екі ел арасында кең фюзеляжды әуе кемелерін пайдалануға қатысты шектеулерді алып тастауға келісті. Осыған байланысты түрік тарапы Ыстамбұл – Нұр-Сұлтан бағыты бойынша ыңғайлы кең фюзеляжды әуе кемелерін пайдалануды жоспарлап отыр.

Өз кезегінде түрік тарапы Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтау қалаларында әуе қатынасын кеңейтуге және Қазақстанға ұшатын рейстердің санын арттыруға қызығушылығын атап өтті.

Сонымен бірге «Turkish Airlines» әуе компаниясының басшылығы Америка Құрама Штаттарының, Оңтүстік-шығыс Азия мен Еуропаның қалаларына 5-ші  «әуе еркіндігімен» ұшуларды орындау мүмкіндігін пысықтау ниеті туралы хабарлады.

Айта кетсек, Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің авиациялық биліктері келіссөздер жүргізіп, Дубай – Ақтау бағытында тұрақты қатынайтын әуе қатынасын ашуды жоспарлаған болатын.

Хабар 24 телеарнасы