384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда 16 мектептің директорына ескерту жасалды

  • 211
  • UPD: 14:44, 15.11.2019

Сыныптағы оқушы саны көп болуына байланысты Орал қаласында 16 мектептің директорына ескерту жасалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көрсетілген кемшіліктер жарты жыл ішінде түзетілмесе, мектеп басшылығына қатысты іс қозғалмақ. Бұл туралы Орал қалалық сапаны бақылау және тауарлар мен қызмет қауіпсіздігі басқармасы мәлімдеп отыр. Ал білім ордаларының басшылары алты айдан кейін артық баланы қайда жіберерін білмей дал.

Орал қаласында үш ауысымда білім беретін 5 мектеп болса, соның 3-і Зашаған кентінде. Бірі №10 мектеп. 1200 орынға арналған білім ордасында бүгінде 3 мың бала бар. Мектеп ұжымы сапалы білім, саналы тәрбие беруге тырысқанымен, кейбір қиындықтар бар екенін жасырмайды.

Сәуле Айтқалиева, №10 мектеп директорының орынбасары:

– Оқу бағдарламасын орындауда барлық мүмкіндікті жасап білім берудеміз. Бірақ та мектебімізде мұғалімдер бөлмесі, мұғалімдердің демалатын орны жоқтығы кішкене қиындық келтіруде. Сондықтан да болашақта осы ауданда жаңа мектеп салынса дейміз.

Таяу келешекте мұндағы мұғалімдер мен директор қосымша сынып ашу үшін бөлмелерін балаларға беріп, өздері дәлізге көшуі де әбден мүмкін. Себебі сапаны бақылау және тауарлар мен қызмет қауіпсіздігі басқармасы кластардағы оқушы санын 25-тен асыруға болмайды деп отыр. Әзірше 16 мектеп басшысына айыппұл салмай, ұйғарыммен шектеліпті.

Мәдениет Танауов, қалалық сапаны бақылау және тауарлар мен қызмет қауіпсіздігі басқармасының басшысы:

– 425-бабына байланысты, осындай мәселелерді шешуді сұрайтындықтары жөнінде директор тарапынан білім бөліміне хаттар жолданған болса, айыппұл салынбайды, нұсқама беріледі басшыларға. Алты айдан кейін жаңағы нұсқама орындалмаған жағдайда материал сотқа кетеді.

Ал мектеп басшылары өздерінің неден жазықты болғандарын білмей дал. Алты ай ішінде олар не сынып санын көбейтуі, не оқушы санын кемітуі тиіс. Былай тартса өгіз өледі, былай тартса арба сынады.

Наталья Дүйсенова, №47 мектеп директоры:

– Көп қабатты үйлердің құрылысы жүруіне және сондағы қоныстанушылардың саны көптігіне байланысты сұраныспен келеді. Біз оларды оқумен қамтамасыз етпеуге құқымыз жоқ. Мектеп осы аудандағы балаларды оқытуға арналған, сондықтан да біз ата-аналар сұранысына жоқ деп жауап бере алмаймыз. Сол себепті балалар саны көбейіп отыр.

Оралда оқушылар саны күрт көбейіп келеді. Егер осыдан 10 жыл бұрын орта мектептерде 30 мыңдай шәкірт болса, бүгінде 50 мыңға жеткен. Ал мектеп құрылысы, әсіресе жаңа шағын аудандарда халықтың өсіміне ілесе алмай отыр. 

Батиқа Пайдина, қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары:

– Бұл мәселені шешу мақсатында ең бірінші жаңа мектептердің құрылысы басталады. Зашағанда 51, 52, 53 мектеп құрылыстары бір мектеп салынып жатыр, тағы екі мектеп жобалары енді басталып жатыр. Сондықтан 47 мектептің бала саны азаяды.

Жаңа білім ордалары бой көтергенше, оқушы орны жетіспеу проблемасын бір ауысымда оқытатын мектептердің мүмкіндіктерін пайдалану арқылы шешу жолдары да қарастырылмақ. Бүгінде шаһарда 51 мектеп болса, соның 5-інде сабақ 3, 7-інде 1 ауысымда жүреді. Қалғандары екі ауысымда білім береді.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Р.Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы