431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Экологтар Түркістанның экологиялық ахуалына алаңдаулы

  • 1613
  • UPD: 15:10, 15.11.2019

Түркістан қаласындағы ауаның ластануы белгіленген мөлшерден асып кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Экологтар осылай деп дабыл қағуда. Сондықтан олар қатты отын жағып, қоршаған ортаға залал келтірген нысандарды анықтап, шара қолдануға мәжбүр.

Түркістан бүгінде өңірдегі ауасы ең лас қалалардың қатарында. Экологтар күн сайын жылжымалы зертхана арқылы шаһардың орталық көшелерін аралап, ауадан сынама алады. «Көрсеткіші көңіл көншітпейді», - дейді.

Светлана Фадеева, сынақ зертханасының бас маманы:

– Көмірқышқыл газы белгілі мөлшерден 3 есе асып кеткен. Азот тотығы 2 есе артқан. Қалған зиянды газдар әлі өңделуде. Мұны тез арада қолға алып, шешпесе болмайды. Ауаны ластап жатқан мекемелерге шара қолдану керек. Болмаса көмір жағуды тоқтатып, газға көшірсе дұрыс болар еді.

Бұған дейін Түркістан қаласы толық газбен қамтылмағандығы туралы айтқан болатынбыз. Сондықтан шаһардағы ғимараттардың көбісі көмір жағады. Ауаның ластануының басты себебі де осы. Қала аумағында зауыт, жылыжай, монша, тіпті дүкен ашпас бұрын кәсіпкерлер экология департаментінен рұқсат алуы тиіс. Бірақ көбісі бұл ережені елей бермейді.

Сабыр Балыбеков, экология департаментінің бас маманы:

– Арыз-шағымға сәйкес, Түркістан қаласында орналасқан Тұран моншасына жоспардан тыс тексеру жүргіздік. Нәтижесінде экология заңнамасына сәйкес, ешқандай құжаттарсыз жұмыс істегеніне байланысты ТО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап-арыз жолданып, қазіргі таңда сот процесі өтіп жатыр. Қоршаған ортаға келтірілген залал бойынша 482 мың теңге айыппұл салынды. 

Айыппұл арқалағандардың қатарында жылыжай иелері де бар. Өңірдегі Сарыағаш, Келес, Қазығұрт аудандарында қатты отын жағып, экологияға орасан зор шығын келтірген 17 жылыжайдың жұмысы сот шешімімен уақытша тоқталды. Сондай-ақ Түркістан қаласында 34 нысанның экологиялық заң талаптарын бұзғаны анықталды. Қазір департамент тарапынан облыс көлемінде қатты отынан сүйық отынға көшу туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. 

Имангелді Түймебаев, экология департаментінің басшысы:

– Біз қазір қалалық коммуналық шаруашылық бөлімі және басқармалармен жұмыс істеп жатырмыз. Олардың барлығы көмір жағады. Соны газға ауыстыру жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз. Арыз-шағым түскен жағдайда оларды да тексереміз. Тиісті экологиялық талаптарды орындамағандықтан, оларға да шара қолданып жатырмыз.

Қазір қоршаған ортаға залал келтірген мекемелердің ісі сот та қаралып жатыр. Ал түсіндіру жұмыстары жалғаса бермек.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы