432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Байқоңыр Қазақстанның туристік картасының ТОП-10 қатарына енді

  • 1057
  • UPD: 20:42, 15.11.2019

Байқоңырға кіріп-шығу рәсімдері жеңілдейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл зымыранның көк сеңгірге самғағанын көруге келетін туристерді көбейту үшін керек. Енді қоршаулы қаланың әскерилендірілген бекетінен өту үшін бұрынғыдай бір апта бұрын құжат тапсырудың қажеті жоқ.

Мұнан бөлек, ғарыш айлағын тиімді пайдалану үшін озық технологиялық стартаптар қолға алына бастады. Сөйтіп, жұлдызды қалашықты дамыту жобасы қазір Қазақстанның туристік картасының ТОП ондығына енді.

Ғарыш саласы арқылы экономиканы дамыту үшін жұлдызды қалашықта «Байқоңыр» ойын-сауық туристік аймағы құрылады. Жобаның тұжырымдамасы мен техникалық-экономикалық негіздемесі жыл соңына дейін әзірленеді. Аумағы 50 гектарлық кешенді салуға корейлік инвесторлар қызығушылық танытып отыр.

Біржан Байқожаев, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы:

- Меморандум аясында инвестор жобаның бірінші кезегінде 84 млн АҚШ долларын инвестициялауға ниет білдіріп отыр. Қолөнершілер қатарының ғимараты, жарты қараша үй түрінде ғимараттар, ұлттық тағамдар мейрамханасының ғимараты, ұлттық тәсілдегі қараша үйлердің кешені, ұлттық монша ғимараты, 5 және 4 жұлдызды қонақ үйлер, туристік-ақпараттық орталығы және сол сияқты туристік нысандар қамтылатын болады.

77 мыңнан астам Байқоңыр тұрғынының 49 мыңы Қазақстан азаматтары. Жер кіндігіне баланған қалада кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтуге кедергі болған мәселелер көптен көтеріліп келеді. Осы ретте бизнесті тұсаулаған жайттарды реттейтін еркін экономикалық аймағын құру жобасының тұсауы кесілді.

Жасұлан Абатов, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі  өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасының басшысы:

- Келесі 2020 жылдың I тоқсанында бітіріп, ары қарай ашылу жағын ойластырамыз. Енді ол кезде ірі бизнес те кіре алады. Онда аймаққа инвестиция да кіреді. Мың жарым жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Қаламыздың келешегі жақсы болады.

Халықаралық автодәліз бен теміржолдың бойында орналасқан Байқоңырда 2 әуежай бар. Инфрақұрылымдық әлеуеті жоғары кешеннің туристік тартымдылығы да арта түспек.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Байділдаев

Хабар 24 телеарнасы