384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында 1500-ден астам заңсыз қоқыс төгетін орын анықталды

  • 203
  • UPD: 20:47, 15.11.2019

Ақмола облысында 1500-ден астам заңсыз қоқыс төгетін орын бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған жергілікті экологтар ғарыштан түсірілген фотолар арқылы көз жеткізген. Бірақ ғарыштан бақылау әзірге тек облыс орталығы мен елорда маңындағы 50 шақырым радиусты ғана қамтиды.

Ал, алыс аудандар көктен жасалатын тексерістен тыс жатыр.

Ондай қызыл нүктелер электронды картада қаптап тұр. Мамандар геопортал арқылы олардың нақты қай жерде орналасқанын дәлме-дәл біле алады. Мәселен, Көкшетау қаласының маңайында 200-ден астам жерде күл-қоқыс шашылып жатыр. «Мұндай жағдайлар тіпті жеке аулаларда да кездеседі», - дейді, экологтар.

Болат Биғараев, облыстық экология департаменті басшысының орынбасары:

- Геопортал арқылы түсірілім жүргізген кезде ол жеке тұлғалар үйінің қасында, болмаса, қаланың маңында, қай жерде қалса да, қоқыс төгілген жер нақты көрінеді және айқындалады. Соған сәйкес шара қабылдауға біз жергілікті атқарушы билік органдарына жолдаймыз.

Тұрмыстық қалдықтарды қабылдайтын арнайы орындар ақылы болған соң тұрғындар қала сыртындағы ой-шұқырларға, кейде тіпті ойына келген жерлерге қоқыс төгіп кетеді.

Дамир Берікұлы, тілші:

Міне, біз қазір қаланың шетіндегі сондай заңсыз қоқыс төгу орындарының біріне келіп жеттік. Ол мына жердегі Чайкино ауылының сыртында орналасқан. Ал, бұл маңайға қарайтын болсақ, қоқыстар ат шаптырым жерді алып жатыр. Шамамен бір он шақты жыл ма екен, жатқан көрінеді. Қоқыстарға қарайтын болсақ, кеше-бүгін төгілгенге ұқсамайды.

Бірақ экологтар бұл жерді қаланың іргесінде жылдар бойы жатса да, биыл ғана анықтаған. Онда да геопорталдың көмегімен. Себебі, заң бойынша қадағалаушы органдар халықтан арыз түспесе немесе қандай да бір негіз болмаса, ешқандай тексеріске шыға алмайды екен.

Нұрбек Хамитов, облыстық мемлекеттік экологиялық инспектор:

- Бұл заңсыз қоқыс орны бойынша экология департаменті облыстық және қалалық әкімдіктерге шамамен осыдан бір ай бұрын арнайы хат жолдады. Олар жыл соңына дейін бұл жердегі күл-қоқысты заңды орынға апарып тастаулары тиіс. Олай болмаған жағдайда тиісті шара қолданылады.

Экологпен бірге қала маңын шолып жүріп, саяжайлар арасынан тағы заңсыз қоқыс төгетін орынды анықтадық. Мұны көрген маманның өзі де аң-таң. Тау боп жатқан қалдықтарды фотоға түсіріп алып, жергілікті әкімдікке хат жолдайтынын жеткізді. Алайда, әкімдіктер «бұл проблеманы әзірге тек сенбіліктердің көмегімен шешіп отырмыз», дейді. Себебі, оған арнайы қаржы қарастырылмаған.

Ольга Полянная, облыстық ТКШ және энергетика басқармасының бас маманы:

- Аудандық және қалалық әкімдіктердің берген мәліметі бойынша биыл аймақтағы 622 елді мекеннің 415-інде сенбіліктер ұйымдастырылып, нәтижесінде 174 қоқыс жиналған орын тазаланды. Ол жерлерден 160 мың текше метр күл-қоқыс шығарылған.

Алайда, экологтар «күл-қоқыс мәселесін сенбіліктермен ғана шешу мүмкін емес», дейді. Жалпы белгіленбеген орынға қоқыс төккен адам ұсталса, оған 25 мыңнан 75 мың теңгеге дейін айыппұл салу қарастырылған. Ал, ғарыштан бақылайтын геопортал әрбір ауладағы үйіліп жатқан құрылыс заттарының қалдықтарына дейін байқап қояды. Сондықтан сақ болған жөн.

Айта кетейік, аталған жүйеге алдағы жылы Щучинск-Бурабай курортты аймағы да қосылмақ.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы