384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкентте заманауи автотұрақ жобасы кейінге шегеріліп келеді

  • 120
  • UPD: 21:28, 15.11.2019

Шымкентте «ақылды» автотұрақ жобасы тағы да кейінге қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл істі «Shymkent» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы мен оған серіктес компания 1 жарым жылдан бері жүзеге асыруға тырысып келеді.

Smart автотұрақтарды бір кездері пилоттық негізде сынап та көрген. Содан көп ұзамай қала көшелерінен алынып тасталды. Қазір шаһарда заманауи автотұрақ жоқ. Қайта көлігіңізбен жол шетіне аялдай қалсаңыз, тұрақты иемденіп 100-150 теңгеден ақша сұрайтындар көбейген.

Заманауи автотұрақ жобасына жетекшілік еткен Мұрат Әбдүлменовтің айтуынша, нысанды дайындауға 20 миллион теңге қаржы жұмсапты. Алайда кәсіпкер осы істі атқару барысында мемлекеттік орган тарапынан түрлі қағазбастылық кедергілерге тап болғанын айтады. Әзірге көлік қоятын орын қағаз жүзінде дайын. Әкімдік рұқсат етсе, күні ертең іске кіріспек.

Мұрат Әбдүлменов, жоба жетекшісі:

- Негізінен бұл автотұрақтар жарты жыл бұрын іске қосылуы керек болатын. Ұлттық кәсіпкерлер палатасында тарифке, бағаға қатысты сұрақ туындап, уақытынан кешікті. Осындай себептер өте көп. Енді мемлекеттік органдар қолға алыңдар десе, біз дайынбыз.

Мұрат Мүбәрәкұлының айтуынша, оған әріптестік негізде жұмыс жасау қиындық туғызған. Бастапқыда жобаны Shymkent» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы қолдаған. Сол себепті жобаның 49%-іне иелік етіпті. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы «ақылды» тұрақ үшін 20 жер учаскесін де уақытша жалға алған.

Әбілсейіт Рабаев, «Shymkent» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының төрағасы:

- Ақылы тұрақтарды тиісті деңгейде жұмысын атқаруды қамтамасыз ету үшін әкімшілік тарапынан ережелер қабылдану керек. Ол ережелер қазір қабылдану сатысында. Өз тарапынан ол «ақылды» тұрақтарды не істейміз немесе істемейміз деген шешімнен әлі алыс. Бірақ ол шешім тиісті деңгейде барлық көрсеткіштерді зерттей келе, ол экономикалық жағынан, құқықтық жағынан және де халыққа әлеуметтік зиян не зиян еместігі жағынан зерделеп келіп, шешім қабылданады.

Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясындағылар «заманауи автотұрақты әлі де жетілдіру қажет» деп санайды. Сол себепті оған уақыт қажет. «Бұл жоба халыққа қажеттілік үшін жасалатындықтан, оны бүге-шүгесіне дейін талдау керек», - дейді мұндағылар. Шынында да қазір қалада автотұрақ мәселесі бас ауыртар тақырыптың бірі. Кез келген жерді көлік тұрағына айналдырғандар халықтың қалтасын қағуда.

Абай Тұрханов, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы

- Негізі жолдың бойында коммуналдық ақылы автотұрақ қарастырылмаған. Жолдың бойында тұрған автотұрақтың барлығы тегін. Қалада жаңағы айтқандай, «заңсыз автотұрақтар жоқ» деген жоқ негізі. Сол жақта жұмыс істеп жатқан алаяқтар көп. Тұрып алып, ала таяғын ұстап жүрген азаматтар көп. Ол үшін әкімшілік полиция бар. Солар жұмыс атқарады.

Жалпы шаһарда 230 мыңнан астам көлік тіркелген. Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, бұл көліктердің тиісті тұрақпен қамтамасыз етілу деңгейі 10 проценттен де төмен. Осыны ескерген қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы келер жылдан бастап заманауи автотұрақтарды көше бойына орналастырмақ.

Абай Тұрханов, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Ақылы, жаңағы арнайы жабдықтармен жаңағы паркоматпен, камерамен жабдықталған автотұрақтар ашу жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда ережесі бекітуге жан-жақты келісіліп жатыр. Ережесі шыққаннан кейін біз оны мәслихатқа ұсынамыз. Мәслихатта тарифін бекітетін боламыз. Іске асыру үшін ГЧП арқылы конкурс ұйымдастарымыз.

Шаһарда қазір не көп автотұрақ көп. Базар маңы, сауда орталығының жаны тіпті көше бойында да. Алайда оларды бір ізге келтіру заман талабы. Сондықтан да келер жылдың көктемінде қала көшелеріне қойылатын зияткерлік жүйе мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылмақ.

Нұрбек Байбосын, тілші:

- Жасыратыны жоқ, мынадай заңсыз орналасқан автотұрақтар кептелістің көбеюіне де себепкер. Сондай-ақ жұртшылық жаппай мінетін қоғамдық көліктердің де жол жүруіне кедергісін келтіреді. Ал кей кездері апатты жағдайларға осындай тұрақтың кесірінен орын алып, арнайы көліктер баратын жеріне жете алмай жатады.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов

Хабар 24 телеарнасы