384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада 200-ден астам ТҮҚЖБ салымшысы тиесілі баспанасына кіре алмай жүр

  • 175
  • UPD: 00:29, 16.11.2019

Елордада «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» 200-ден аса салымшысы тиесiлi баспанасына кіре алмай жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған көпқабатты үй жарты жыл бұрын пайдалануға берілуі тиіс еді.

Ал уақыт болса, зырғып өтіп жатыр. Енді салымшылар қарызды өтей алатынын растайтын құжаттың мерзімі өтіп кете ме деп алаңдайды.

30 маусымда пәтер кілтін алып, қоныс тойын тойлауды ойлаған елордалықтар бұл. Бас-аяғы 225 отбасы. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» қаржысын құйып, жеке баспанасына қол жеткізуді армандаған. Алайда, жарты жыл өтті, баспана сол арман күйінде қалып отыр. 

Ербол Жанатұлы, қала тұрғыны:

- Бұл жеке құрылыс компания болса, ол жерде қаржы жетіспеушілігі мәселесі болады деп түсінуге болады. Бұл жерде ондай мәселе жоқ. Бұл құрылыс компаниясына «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша барлық ақша аударылған. Онда неге жұмысты қадағаламайды? Неге квартал сайын есеп алынбайды? Неге құрылыс уақытылы аяқталмайды. Егер еліміздің бас қаласы елордада әкімдіктің тапсырысымен салынған үйлер уақытында бітпейтін болса, оның сапасы сын көтермейтін болса, басқаларына қандай талап айтуға болады?!

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Иә, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған бұл үйлердің негізгі тұрғындары – «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары. Қазір барлығы айына 90 мың теңге төлеп, пәтер жалдауға мәжбүр. Үш баланың әкесі Нағашыбай Аманжолұлы да күйінген халықтың бірі. Ол бес жыл бойы жинаған қаржысының игілігін енді көрем бе деген еді. Бірақ баспанасы пайдалануға берілер емес. Жазды қойып, күз де аяқталуға жақын. Үміт үзілуге шақ.

Нағашыбай Аманжолұлы, қала тұрғыны:

- Шілденің 13-і күні келген кезде осы үйдің құрылысының бейнесі осы болатын. Бөлмелерді аралап көрсеңіз, әлі сол қалпы. Есік салынбаған. Асты төселмеген. Терезенің алды әне. Үйде ешқандай сапа жоқ. Біз жиған-тергенімізді аузымыздан жырып, жинадық. Сонда бұл үйді біз қашан аламыз? Бізге сол уәдесін орындап берсе екен. Халыққа баспана керек.

Бөлмелерді аралап көрдік. Әзірге қосылғаны жылу ғана. Ішкі жұмыстарды аяқтауға тағы уақыт керек сияқты. Атын айтуды құп көрмеген құрылыс компаниясының өкілі «жұмыс 90%-ке орындалды» деп кесті.

Нұржан, құрылыс компаниясының өкілі

Біз осы ішкі жұмыстарды жасап жатырмыз. Бірақ біз осы айдың аяғында бітіреміз.

- Қанша процентке орындалды жұмыс?

90%-ке бітіп тұр. Қазір сыртқы-ішкі жұмыстардан краска ғана қалды.

- Қанша адам жұмыс істеп жатыр? Халық жұмысшыларды көрмейміз деп жатыр.

Осы тұрған уақытта 72 адам жұмыс істеп жатыр.

Бұл пікірді қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Жан Мырзағали де растады.

Жан Мырзағали, қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- Қараша айының соңына дейін біз тұрғындармен жұмыстарды бітіреміз. Қазір біз құжаттарды бекітіп жатырмыз. Желтоқсанның басында тұрғындармен актілер істейміз. Сосын олар өз пәтерлеріне кіреді.

Жауапты тұлғаның айтуынша, жұмысты уақытында аяқтамаған құрылыс компаниясы жазасыз қалмайды. Жауапсыздықтың өтеуі – айыппұл.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Аят Дүйсембаев

Хабар 24 телеарнасы