431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да Ұлан ауданының тұрғындары қоқыс өңдеу зауытының құрылысына қарсы

  • 681
  • UPD: 22:42, 15.11.2019

Шығыс Қазақстан облысындағы Ұлан ауданының тұрғындары өңірде тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін зауыт салуға қарсы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Уәждері біреу. «Бұл экологиялық ахуалды қиындатып, адам денсаулығына залалын тигізеді», - дейді. Қазір белсенділер әлеуметтік желі арқылы наразылық пікірлерін жинақтап жатыр. Олар «биліктегілер кәсіпорын салмас бұрын қара халықпен ақылдасса» дейді.

Айнұр Әубәкірова мен Валерий Половков зауыт құрылысына наразы топтың көшбасшылары. Екеуі де Өскеменнің жанындағы Қасым Қайсенов кентінің жергілікті тұрғындары. Олар зауыт салынуы өз алдына, «іргемізден облыс орталығының қоқыс полигоны салына ма» деп алаңдаулы.

Айнұр Әубәкірова, Қ.Қайсенов кентінің тұрғыны:

- Ол полигон ба, кешен бе әлі белгісіз, өйткені қала тұрғындары 350 мың болғандықтан, ол рентабельділікке жатпайды. Менің ойымша, ол кешен болады, негізі қоқыс полигоны болатын шығар. Өскемен қаласына қарап отырсақ, 350 мыңнан астам тұрғыны бар, содан шыққан қоқысты Ұлан ауданына әкеп жағады, мен соған қарсымын. Өзімнің туған жеріме, туған жерімнің экологиясы үшін мен күресемін.

Валерий Половков, Қ.Қайсенов кентінің тұрғыны:

- Мен бұған үзілді-кесілді келіспеймін, осы жерден үнемі аңызақ жел соғып тұрады. Тура осы жел Өскеменге жетіп, ауаны тазартады. Енді мынадай зауыт салынса, біздегі ауамен қатар Өскеменнің де экологиясы одан сайын нашарлайды.

Осылайша, қоқыс өңдеу зауыты туралы ақпарат қазір ұландықтардың басын қатырып отыр. «Маңайдағы құс фабрикасынан келетін иіс жеткілікті», деген жұрт енді тағы бір жағымсыз иіс тарататын нысанның бой көтеруіне түбегейлі қарсы.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Құрылыс басталмай жатып елді дүрліктірген қоқыс өңдеу зауыты осы аумақтағы 30 гектар аумаққа салынады деп жоспарлануда. Өскеменнен 20 шақырымдай, ал осы аудан орталығы Қасым Қайсенов кентінен 7 шақырымдай жерде. Бастапқыда 40 адамды жұмыспен қамтымақ. Жергілікті тұрғындар «қоқыс өңдеу зауытының экологиялық қажеттіігін түсінеміз, бірақ халық пікірі де ескерусіз қалмаса» дейді.

Ал белсенділерді қабылдаған аудан әкімі «халықпен санасамыз» деп отыр. Қазір жобаның тек техника-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Мемлекеттік және жекеменшік әріптестік бағытындағы бұл шаруаның барысын бақылау үшін арнайы жұмыс тобы құрылыпты.

Нұрымбет Сақтағанов, Ұлан ауданының әкімі:

- Осындай еуропалық зауыттар бар, басқа да зауыттардың жұмыс істеуі жөнінде жан-жақты зерттеуер жүргіземіз. Қандай артықшылықтары бар, қандай нашар жақтары бар деген сияқты мәселелерді анықтаймыз. Осы жұмыс тобының нәтижесінде біз жыл соңына дейін өз шешімізді дайындаймыз деп ойлаймын.

Экологтар болса, «мұндай зауыт салу ақшаны далаға шашумен тең», дейді. Өйткені Өскеменнен білдей бір кәсіпорнның жылдық сұранысын өтейтіндей қоқыс жиналмайды. Елімізде осы идеяға негізделген оннан астам мекеме онсыз да қаңырап бос тұрған көрінеді. Сондықтан сарапшылар «осы бағытта шағын бизнесті дамытсақ қана ұтамыз» дейді.

Елена Полянцева, экологиялық қауіпсіздік орталығының маманы:

- Мұндай зауыттың болашағы жоқ .Елімізде 11 осындай зауыт бар. Олардың біреуі ғана жұмыс істеп тұр. Өйткені қоқыс өңдеу кәсіпорны үшін жылына 500 мың тонна шикізат керек. Ал Өскеменнен бар болғаны жылына 100 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылады. Сондықтан біздің ойымызша, облыста қоқыс сұрыптау желісін қалыптастырып, іске жарайтын қалдықтарды шағын кәсіпорындарға өңдеуге өткізген жөн.

Сөйтіп, жыл соңына дейін қатты қалдықтарды өңдеу зауытына байланысты есептеулер жүргізіледі. Соның шешіміне сай қоғамдық тыңдау шақырылады.

Айта кету керек, келесі жылы Өскемен полигонын қолдану мерзімі аяқталады. 70 жыл бұрын салынған алаңқайда қазір 7 миллион тоннаға жуық қалдық жатыр.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы