377,04 415,79 5,92

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Б.Сапарбаев Талдықорғандағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты

  • 454
  • UPD: 23:37, 15.11.2019

Вице-премьер Бердібек Сапарбаев бастаған Үкіметтің жұмыс тобы бүгін Алматы облысының орталығы Талдықорғанда болып, жаңадан пайдалануға берілген бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірдегі қоғам белсенділерімен, денсаулық сақтау саласының, білім беру мекемелерінің ұжымымен, жастар өкілдерімен кездесіп, мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты жолдауын іске асыру тетіктерін түсіндірді.

Жетісу төрі – Талдықорғанда өткен бүгінгі кездесу барысында көп балалы отбасылар мен мүгедектердің түйткілді мәселелері, мемлекеттік төлем жүйесіндегі өзгерістер, «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы бойынша шалғай елді мекендерге аттанған жастар мен жетім балаларға, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету жайы қызу талқыланды. Үкімет басшысының орынбасары тұрғындар сауалына жауап беріп, алдағы уақытта бұл мәселелердің оң шешімін табатынын айтты.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа механизмін енгізу. Қазір біз заңның жобасын дайындадық. Қазір ол жоба Парламенттің қарауында. Мұндағы ең негізгі мақсат – мемлекеттік жәрдемақыны көп балалы, оның ішінде 4 балалы отбасыларға беретін боламыз. Онда олардың жан басына шаққандағы табысы есептелмейді.

Жамал Баймадиева, ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы:

- Енді біздің өзіміздің Алматы облысында соңғы үш жылдың ішінде 400-дей жетім бала баспанамен қамтамасыз етілді. Бұл, әрине, өте қуанышты жағдай.

Облыс орталығында жаңа ықшам аудандар бой көтеріп, қала жылдан жылға кеңейіп келеді. Медициналық қызметке қолжетімділікті арттыру мақсатында өткен қыркүйек айында Талдықорған қалалық емханасының жанынан алғашқы медициналық - санитарлық көмек көрсету орталығы құрылып, іске қосылды. Жобаның жалпы құны – 402 млн теңге.

Айбатыр Жұмағұлов, ҚР Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы:

- Негізгі мақсат – медициналық қызметтің қолжетімділігі. Қолжетімділік тек қана төлеммен ғана емес, географиялық жағынан да «шаговая доступность» дейді, азаматтарға жақындығына байланысты. Сондықтан бүгінгі ашылып отырған орталықтың бір ерекшелігі сол.

Үкіметтік жұмыс тобының мүшелері «Жетісу хаб» IT-орталығының жұмысымен де танысты. Бұл жобаны жүзеге асыруға 31 млн теңге көлемінде жеке инвестиция тартылды. Ол «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асты. Мұндағы мақсат – стартап жобаларды қолдау. Стартап мәдениетті дамыту арқылы жастарды IT саласына тартып, олардың тың идеяларын жүзеге асыру. Орталықта 18 адам жұмыс істейді. 

Талғат Омаров, облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы:

- Бұл жоба бойынша «Астана хаб» бізге стартап жобаларды іріктеуге мүмкіндік береді. Және осы стартап жобаларға инвестиция беріледі. «Тех Гарденмен» меморандум бойынша Талдықорғанда блокчейн лабораториясын ашуды пландап отырмыз.

Үкімет басшысының орынбасары Талдықорғандағы №27 мектепте Ұлт көшбасшысы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті қорының «Ел үміті» бастамасымен жүзеге асқан «Жетісу дарыны» оқу-әдістемелік орталығының жұмысымен де танысты. Үкіметтік жұмыс тобының аймаққа сапары ертең облыс орталығы Талдықорған мен Көксу ауданында жалғасады.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы