384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Кореялық әйгілі хирург Түркістанда науқастарға операция жасайды

  • 443
  • UPD: 22:17, 16.11.2019

Әлемге әйгілі кореялық Сунчонхян медицина орталығының профессоры, онколог-дәрігер Ким Хен Чоль Түркістанда науқастарға операция жасайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Өкінішке қарай соңғы жылдары өңірде қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың саны өсті», - дейді жергілікті дәрігерлер. Осы тұста медицинадағы бірегей хирург облыстың онколог дәрігерлеріне білгенін үйретіп, тәжірибесімен бөліспек.

Түркістан қаласының тұрғыны Мейрамгүл Оразова ауырып, маза бермеген соң 2016 жылы өтін алдырып тастапты. Содан бері 4 рет операция үстеліне жатып, пышаққа түскен екен. Оған бауыры қосылып, одан сайын ушығып кетіпті. Іштей мүжілген ананың уайымы күшейген. Түркістанға білікті профессор келгенін естіп, кеңес алды. 

Мейрамгүл Оразова, қала тұрғыны:

– Құдай қаласа жақсы жаңалықпен шығып бара жатырмын. Қорқынышым басылды. Қорқатын ештеңе жоқ деді. Қатерлі ісікке айналып кетті ме деген қорқынышым бар еді. Рақмет, профессорға. Мен қуанып тұрмын.

Дүние жүзіне белгілі Сунчонхян медициналық орталығының профессоры Ким Хен Чоль мырзаны өңірге Түркістан облысы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшылығы арнайы шақыртқан. Мақсат – тәжірибе алмасып, күрделі операцияларды бірлесіп жасау. Диагнозы анықталмаған науқастарды көрсетіп, ақыл-кеңесін тыңдау. Халықаралық хирургтар қоғамының ресми мүшесі облыс дәрігерлерімен бауыр обырын емдеу бойынша тәжірибесімен бөлісті.

Ким Хен Чоль, Сунчонхян медицина орталығының профессоры:

– Біз мұнда өт тас ауруы, өт шығару жолдары, бауыр обыры, ұйқы безі обыры, лапароскопиялық операциялар, сүт безі обыры, эндокринологиялық хирургия, бүйрек және бауыр трансплантациясы сияқты күрделі емдеу мен операцияларын жасаймыз. Қатерлі ісіктің осы түрлері емдеудің және ота жасаудың ең күрделі түріне жатады.

Онколог-дәрігер кездесу барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы және Қазақ-түрік университетінің клиникасымен екі жақты ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Келісімге сәйкес облыстың онколог-дәрігерлері жылына екі рет Корея елінде біліктілік арттыратын болады. Сондай-ақ шетелдік жоғары білікті дәрігерлер жерлес науқас азаматтарымызға өз елдерінде тегін медициналық көмек көрсетпек.

Жанболат Ділдәбеков, қалалық орталық аурухананың бас дәрігері:

– Онкология тақырыбын көтерген себебіміз, әрбір маман өзінің тәжірибесінде науқастарының арасынан онкологиялық ауруға тап болуы мүмкін. Ондай жағдайда ол жоғары дәрежеде өзінің көмегін көрсете алуы үшін тәжірибесі мол болуы үшін профессорға осы тақырыпты қозғауын сұрадық.

Жоғары білікті дәрігер науқастарды жеке-жеке қабылдап, дәрігерлік кеңес берді. Өкінішке орай дертке шалдыққан науқастар медициналық көмекке уақытында жүгінбейтіндіктен, қатерлі ісіктің соңғы сатысына жеткенде операция жасап емдеу қиынға соғатынын айтады. Түркістан облысында қазір бұл аты жаман ауруға шалдыққандардың саны 8 мыңға жеткен. Сондықтан дәрігерлер ерте қаралса, қатерлі ісікті де емдеуге болатынын айтады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы