384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанайлық белсенділер тұрғындарды экопакеттерді пайдалануға шақырды

  • 161
  • UPD: 22:31, 16.11.2019

«Бүгіннен бастап полиэтиленді таста». Осындай атаумен қостанайлық белсенділер акция өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Олар қала тұрғындарын полиэтилен қапшықтары емес қоршаған ортаға зиянсыз экопакеттерді пайдалануға шақырды. Сөйтіп қала тұрғындарына үш мыңдай экологиялық таза қапшықты тегін үлестірді.

Қостанайлық белсенділердің полиэтиленді пакеттермен күресі супермаркеттерден басталды. Олар тұрғындарды кассада есептескен азық-түлікті пластикті дорбаға емес, экопакетке салуға шақырды. Қоғамдық бірлестік өкілдері мұндай қаптарды өз қаражатына алған. Оны халыққа тегін үлестіру - табиғатты қорғаудағы үлесіміз деп біледі.

Елдана Фролова, жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

– Экопакет жүгері крахмалынан жасалынған. Табиғатқа, адам денсаулығына еш зияны жоқ. Қоқысқа тасталса, 3 ай ішінде топыраққа сіңіп, жойылып кетеді.

Байқағанымыз, көпшілік тегін үлестірілген экопакеттерді қаламады. Таңдау басымдығы әлі де пластиктен жасалған дорбада.

Наталья Осипчук, қала тұрғыны:

– Егер супермаркеттерде полиэтиленнің орнына экопакет ұсынылса, амалсыздан алар едік. Әрине, қалдықсыз өнім жақсы ғой. Қоршаған ортаны қорғау – әркімге парыз.

Қостанай полигонына жылына 250 мың тоннадай тұрмыстық қалдықтар жеткізіледі. Оның 30 проценті пластиктің үлесінде. Оларды көмуге тыйым салынған. Сол тұста сұрыпталып, өңделуі шарт.

Сергей Мукашев, экология департаментінің мемлекеттік инспекторы:

– Облыстағы кейбір полигондарда сұрыпталмаған полиэтилендер баршылық. Барлық жерлерде қалдықтарды тиімді сұрыптаудың механизмі болғаны дұрыс. Тұрмыста пластиктің баламалы түрін жаппай пайдаланудың күні алыс емес.

Облыс бойынша бүгінде төрт кәсіпорын пластикті сұрыптап өңдеумен айналысады. Солардың ішіндегі ең ірісі – тоқусыз материалдар фабрикасы. Кәсіпорын өнімді Қазақстанда саудалап, геотекстиль және композитті материалдар нарығының 60 процентін қамтып отыр.

Авторлары: Данияр Сұлтан, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы