384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Хабар» арнасынан «Дала қырандары» телехикаясы көрерменге жол тартпақ

  • 458
  • UPD: 22:29, 16.11.2019

Елордада «Дала қырандары» атты жаңа телехикаяның алдын ала көрсетілімі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Фильм 3 ай қатаң іріктеуден өтетін ұшқыштардың тағдырын баяндайды. Кинотуынды өмірдегі түрлі сынақ, достық, махаббат пен отансүйгіштікті бейнелейді. Бұл – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Хабар» Агенттігі мен Қорғаныс министрлігінің бірлескен жұмысы.

«Дала қырандары» телехикаясының алдын ала көрсетіліміне бүгін бірнеше министр келді. Қорғаныс, Ақпарат және қоғамдық даму һәм Экология, геология және табиғи ресурстар ведомстваларының басшылары. Фильмге деген қызығушылық жоғары. Өйтпегенде ше. Себебі бұл – қазақстандық ұшқыштар туралы алғашқы кинотуынды.

Нұрлан Ермекбаев, ҚР қорғаныс министрі:

– «Хабар» Агенттігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қорғаныс министрлігінің қолдауымен түсірілген дала қырандары телехикаясын ұсынып отыр. Жұмыс барысында көптеген режиссер, актер, оператор, басқа да шығармашылық топтың мүшелері әскери қызметтің қыр-сырын біліп, жеке түсініп, романтикаға толы әуе күштерінің қызметін жақсы білді.

Сериал Әуе қорғаныс күштерінің авиациялық базаларының бірінде түсірілді. Актерлер бір жарым ай казармада тұрып, әскери өмірмен етене танысты. Желден жүйрік, оқтай ұшқыр жойғыш ұшақтарды басқаруды да меңгерді.

Аян Өтепберген, актёр:

– Түсірілім барысында дайындалдық. Ұшқыштармен тілдестік. Әр мамандықтың өзінің қыр-сырлары болады. Мысалы, кейбіреуілері ұшақты ұрып мінеді. Өзінің ырымдары. Кішкентай детальдарды сериалда көрсетуге тырыстық.

Бұл фильм ұшқыштардың Қазақстанның әуе кеңістігі мен оның аумақтық тұтастығын кірпік қақпай қорғап жүргенін паш етеді. Әрі қай-қайсысы да елі мен жерін жанын аямай қорғауға әзір екенін көрсетеді. «Дала қырандары» телехикаясы көрерменге «Хабар» арнасынан қарашаның 25-і күні кешкі сағат он жарымда жол тартады.

Авторлары: Асхат Ниязов, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы