384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда өткен марафонға 3 мыңнан астам белсенді жас қатысты

  • 213
  • UPD: 22:27, 16.11.2019

Ел үміті – жастар. Алматыда осындай атаумен форум өтті, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл – осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған шара. Қарашаның басында Қазақстанның батыс өңірі жастарының басын қосқан алғашқы марафон Ақтөбе қаласында өткен болатын. Ал бүгінгі марафонға еліміздің оңтүстік аймақтарынан 3 мыңнан астам белсенді жас қатысты.

Алматыда өткен марафонда Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары және Шымкент  пен Алматы қалаларының жас та болса үлкен жетістікке жеткен белсенді жастары бас қосты. Олардың арасында халықаралық олимпиада жеңімпаздары, жаңа технологияны жақсы меңгерген стартапшылар, жас ғалымдар мен кәсіпкерлер, өнерпаздар да бар. Ал екі баланың әкесі Азамат Оразбек жүзуден және қол теннисінен паралимпиадалық ойындардың бірнеше дүркін чемпионы екен.

Азамат Оразбек, паралимпиадалық ойындардың бірнеше дүркін чемпионы:

– Азия чемпионы атанған кезімде 15 жаста болатынмын. Одан кейін әрі қарай жалғастырып, қазіргі таңға дейін Қазақстанның туын көтеріп келе жатырмын. Сонымен қатар қазіргі таңда еліміздегі енді қадам басып келе жатқан жас әншілердің қатарынанмын деп айта аламын.

Жастар жылында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Ел үміті» жастар форумының мақсаты да осы – еліміздің дарынды әрі білімді жастарын іріктеп алу. Оларды өзгелерге үлгі ету. Сондай-ақ осы жастардың бастамаларына мемлекет тарапынан қолдау көрсету. 

Әсет Исекешев, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының атқарушы директоры:

– «Ел үміті «бастамасы аясында көптеген жаңа жоба болады. Бұл – сіздер үшін жаңа мүмкіндіктер. Жаңа әлеуметтік лифт. Мысалы, ауылдық жастарға арналған жоба бар. Жыл сайын арнайы интеллектуалдық турнир өткізіп, бір мың бала іріктелетін болады. Құрметті достар, қазіргі тез өзгеріп жатқан заманда жастар мықты болу керек. Сенімді ақтап, Қазақстанды мәңгілік ел етуге жастар қатысу қажет. Біз әрқашан қолдаймыз.

14 пен 35 жас аралығындағы қабілетті жастарды қолдауға бағытталған бұл марафон енді солтүстік аймақ жастарының басын қосып, Нұр-Сұлтан қаласында өтетін болады. Ал еліміз бойынша үздік деп іріктелген жастар ел үмітін ақтайтын жаңа буын өкілдерін қалыптастырады дейді, форум ұйымдастырушылары.

Авторлары: Алуа Маханбет, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы