384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында ауылға келген жас дәрігерлерге 1 млн теңгеден беріледі

  • 224
  • UPD: 17:47, 17.11.2019

Ақмола облысында ауылдық жерлерге жұмыс істеуге барған жас дәрігерлерге енді 1 млн теңгеден қаржылай көмек көрсетіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай қолдауды жергілікті билік кадр тапшылығын жойып, мамандардың тұрақтап қалуы үшін жасап отыр. Себебі, аймақта қазір 400-ге жуық дәрігер жетіспейді.

1 млн теңгеден үміттілердің бірі, алматылық Әсел Сепенова. Жоғарғы оқу орнын балалар дәрігері мамандығы бойынша биыл ғана бітірген жас маман тамыз айынан бері Көкшетау қаласының іргесіндегі Красный ауылдық емханасында еңбек етіп жүр. Әселдің айтуынша, бұл – жастар үшін үлкен қолдау.

Әсел Сепенова, педиатр:

– Бізге мемлекет 3 млн теңгедей пәтер алуға ақшалай береді. Бірақ ол кей кезде жетпейді. Себебі, пәтерлердің бағалары жылдан жылға өсіп жатыр. Сондықтан, 1 млн теңге қаржылай көмек болады. Тағы да  жас мамандар өзіне көлік ала алады.

Ал жергілікті әкімдіктен 1 млн теңге қаржылай көмек алған маман «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының қатысушысы секілді сол елді мекенде 3 жыл жұмыс істеуі тиіс. Жалпы, қазір Ақмола облысында дәрігер тапшылығы өте өзекті болып тұр. Оның бір себебі, іргедегі елорда болса, екіншісі, әлеуметтік жәрдемнің аздығы. Жауаптылар, бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын айтады.

Әсел Қалдыбаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Аудан әкімдеріне, қала әкімдеріне және облыс әкімінің тапсырмасы бойынша мүмкіндігіне орай әрбір Ақмола облысына келген дәрігерлерді баспанамен қамтамасыз ету тапсырылды. Одан басқа медициналық ұйымдардың есебінен жағдайлары келгенше жәрдемақы беріледі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшыларының сөзінше, Әсел секілді биыл аймақтың ауылдық жерлеріне қызмет етуге 33 жас маман келген. Міне, соларға жыл соңына дейін 1 млн теңгеден үлестірілмек. Ал елді мекендерге әлі де 88 дәрігер қажет.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный.

Хабар 24 телеарнасы