381,10 419,30 5,69

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жыл басынан жұмыссыз жүрген 429 мың қазақстандық екі қолға бір күрек тапқан

  • 350
  • UPD: 15:47, 18.11.2019

Елімізде жыл басынан бері екі қолға бір күрек таппай жүрген 429 мың адам жұмысқа тұрған, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, олардың 300 мыңға жуығы тұрақты қызметке орналасқан. Мамандардың айтуынша, жұмысқа тұрғандардың көбеюіне электронды еңбек биржасы да айтарлықтай әсер еткен.

Электронды еңбек биржасы 2018 жылдың қаңтар айынан бастап жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралғында оның көмегіне 174 мың жұмыс беруші мен 838 мың үміткер жүгініпті. Қазір еңбек биржасына 203 жұмыспен қамту орталығы, 54 жеке агенттік және 7 интернет-портал қосылған.

Нариман Мұқышев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары:

– Қай жерде бос жұмыс орны барын, оған қай маманның сай екенін жүйенің өзі таңдап, ұсынады. Орталықтандырылған жүйенің арқасында екі қолға бір күрек тапқандар көбейді. Нақтырақ айтсақ, жүйе енгізілгелі бері жұмысқа орналасқандардың саны 17 процентке артты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев тағы бір электронды жоба жөнінде айтып берді. Отбасының әлеуметтік картасы деп аталады. Оның көмегімен отбасының жағдайы мемлекеттік органдардың ақпараты негізінде автоматты түрде анықталады. 

Нариман Мұқышев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары:

– Егер отбасының жағдайы өте қиын болса, нақты шаралар қарастырылған. Мәселен, ақпарат ала салысымен әкімдіктер көмекке мұқтаж азаматтарға қол ұшын созады. Картаның мақсаты – отбасы өтініш білдіргенге дейін мемлекеттік қолдау ұсыну.

Бастаманың игілігін жыл басынан бері әлеуметтің әлсіз тобына жататын 94 мың отбасы көріпті. Айта кетейік, вице-министр арнамызға  «Еңбекқор жастар» ақпараттық кампаниясының аясында сұхбат берді.

Авторы: Нұрашапағат Несіпбаев

Хабар 24 телеарнасы