425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбеде қоғамдық көліктер жетіспейді

  • 896
  • UPD: 08:33, 19.11.2019

Ақтөбеде қоғамдық көлікке қатысты мәселе өткір күйінде қалып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір қалада шамамен 100-ге жуық автобус жетіспейді. Салдарынан таңертеңгілік және кешкі мезгілде жолаушылар тасымалдау ісінде кемшілік көп. Ал кейінгі жылдары пайда болған жаңа шағын аудандарды қамту мүлде оңай болмай тұр. Ондағы тұрғындар мәселенің тезірек шешілуін сұрайды.

Қала аумағындағы «Батыс-2» қоғамдық көлікке қатысты мәселесі өзекті шағын аудандардың бірі. 30 мың тұрғыны болса да, автобустың қатынауы қалыпты жолға қойылмай келеді. «Небәрі үш бағыт бойынша жүретін көліктер тым аз», – дейді жергілікті тұрғындар. Әсіресе, таңертең мен кешкі уақытта халықтың көптігінен аялдамада ұзақ тұруға мәжбүр болатындарын айтады.

Бұл мәселенің туындағанына бірнеше жыл болған. Тұрғындардың ендігі талабы – жаңа ауданға келетін автобустардың қатынау уақытын жиілету және мектеп, балабақша, емхана секілді әлеуметтік ғимараттарға да соғатындай етіп, қоғамдық бағытын өзгерту. Себебі, қыс кезінде ондай нысандарға жетудің өзі мұң дейді.

Гүлзада Бисенова, қала тұрғыны:

– Қиын, балабақшаға балаларды апарамыз, жұмысқа барамыз. Кейде кешігіп қаламыз. Балалар алыста жұмыс істейтін. Алда қыс. Остоновкалар істелінбеген әлі. Мына жерде ешқандай автобус жүрмейді. 40,25 тағысы ана жақтан жүреді.

Автобустардың жетіспеушілігі бұл шағын ауданнан өзге, ондаған мың тұрғыны бар «Нұр-Ақтөбе» қалашығы мен «Қарғалы», «Құршасай» ауылдарында да өзекті. Қаладағы екі бірдей тасымалдаушы мекеме техника паркін жоспарға сай жаңартып жатқанымен, әлі де жетіспеушілік байқалады. Оған қоса, қолда бар қоғамдық көліктердің бір бөлігі ескі болғандықтан, жөндеуге жиі тұрады. Сондықтан да, сыйымдылығы үлкен автобустар алу ғана мәселені шешуге мүмкіндік береді дейді мамандар.

Александр Лисицкий, қалалық жолаушылар автокөлігі кәсіпорнының директоры:

– Тасымалдау қызметінде мәселенің барын білеміз. Соның нәтижесінде, тұрғындардың шағымы да жиілей түседі. Мұның барлығы қаланың үлкейіп жатқандығынан деп ойлаймын. Ал жаңа аудандарға автобустар жіберу үшін ең алдымен жергілікті жердің инфрақұрылымы дұрыс болуы қажет. Келер жылы біздің паркіміз 50 жаңа қоғамдық көлікпен толығатын болады.

Қалалық әкімдікке қарайтын бұл мекеменің көлігі көбейгенімен, қалыптасқан мәселені толық шешуі екіталай. Себебі, күн сайын қала көшелеріне 400-ге жуық автобус шығуы керек. Қазір айналымда жүргені 300-ден сәл асады.

Жайық Қодаш, қалалық ТКШ, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің Ж. М.:

– Күнделікті желігі Автопарк ЖШС 210 автобус шығады. Ал Ақтөбе қаласы жолаушылар автокөлік кәсіпорнынан 80-90 автобус шығады. 80 автобус жетіспегендіктен аралық интервалдар ұзап кету мәселесі туындап тұр. 2020 жылы БРК лизинг арқылы 50 дана автобус сатып алғаннан кейін басқа аудандарға сол автобустарды қосатын боламыз.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

– Ақтөбеде, қоғамдық көлікке қатысты мәселеге бірнеше жыл болды. Соған сәйкес, қала көшелерінде жүрген сыйымдылығы аз автобустарды жаңа әрі үлкеніне ауыстыру, электронды билет жүйесін енгізу тасымалдаушы мекемелерге міндет болып жүктелді. Енді оның нәтижесін жолаушылар келер жылы сезіне бастамақ.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев.

Хабар 24 телеарнасы