384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өмірбақи осылай... Елордалықтарды қоғамдық көлік қатынасы қажытты

  • 264
  • UPD: 10:53, 19.11.2019

Елордада шамамен 100-ге жуық автобус пен 700-ден астам қоғамдық көлік жүргізушісі жетіспейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тапшылыққа байланысты жолаушылар аялдамаларда сағаттап тұруға мәжбүр.

Мирлан Алтынбек, тілші:

– Таңғы уақытта да, кеште де бір көрініс. Жолда көлік кептелісі. Аялдамалар мен автобустар жолаушыларға лық толы. Осынау қолайсыз, ыңғайсыз жағдайға байланысты жолаушылардың пікірі қандай?

– Таңертең 51-ді күтіп, 20 минут тұрдым. Оған келгенде де сыймай қалдым. Одан 56-ға сыймай қалдым. 15-ке сыйып, зорға келдім. Таңертең проблема.

– 5 минут болды. Етім үйреніп кетті.

– Мінеки, таксилермен кетеміз, масқара ғой мынау. Өмірбақи осылай ғой.

«Астана ЛРТ» мамандарының айтуынша, проблема бірінші кезекте, ауа райы мен жолдағы көктайғақ кесірінен туындап отыр.

Әлия Жарқынбекова, «Astana LRT» ЖШС қоғаммен байланыс қызметінің бас менеджері:

– Интервалдың ара-қашықтығын алатын болсақ, онда осы ауа райына байланысты, жол тайғақ болып, қар түсісімен жалпы көлік трафигі баяулады. Мысалы, жазғы күндерге қарағанда, баяу жүреді, баяу қозғалады. Және біздің автобустарымыз да сол жолмен жүргендіктен, әрине олар да баяу қозғалатын болады. Интервал ұзаруының бір себебі сол.

Қоғамдық көлік қозғалысының кестесінен жиі кешігетін 4 бағыт бар. Олар: 4-ші, 4А, 44-ші және 17-ші. «Аталған номердегі автобустар бойынша шағымдар жиі келіп түседі», – дейді Әлия Жарқынбекова.

Әлия Жарқынбекова, «Astana LRT» ЖШС қоғаммен байланыс қызметінің бас менеджері:

– Шынымен де проблема бар. Интервалы ұзақ және жоспары бойынша үлгермей жатқаны да байқалады. Бірақ біздің орталық диспетчерлік қызметіміз бар. Ол бүкіл бағдарларды қадағалайды және онлайн режимде тәулік бойына осындай мониторинг жасайды. Және егер бір маршрут интервалы ұзақ болса, оны реттеуге бәрі күш салысады.

Ал қоғамдық көліктердің қауіпсіздігіне жауап беретін маман Рашид Асқарұлының айтуынша, жолдағы мәселе көшелердің қардан уақытылы және тиісті деңгейде тазартылмауынан болып отыр.

Рашид Асқарұлы, «Astana LRT» ЖШС көліктік бақылау департаменті директорының орынбасары:

–Аялдамаларда көктайғақ бойынша мәселенің бары рас. Қаланы қардан тазарту жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмей жатқан сияқты. Осыған байланысты, жолаушылар автобусқа мініп үлгеремін деп, аяқтары тайып құлап жатады.

Тек жолаушылардың емес, автобус ішіндегі кондукторлардың құлау жағдайлары аз емес. Мәселен, соңғысы 15 қарашада Ұлы Дала көшесімен келе жатқан 70-автобуста болды.

Рашид Асқарұлы, «Astana LRT» ЖШС көліктік бақылау департаменті директорының орынбасары:

– Қазір зардап шеккеннің денсаулық жағдайы қалыпты. Оң шынтағынан жарақат алған азамат қазір амбулаторлық ем қабылдап жатыр. Көлік жүргізушісі аялдамадан жүре берген кезде ортаңғы есіктің жабылмағанын байқамаған. Көмекшісі тепе-теңдікті жоғалтып, көшеге оң шынтағымен құлап түскен. Қазір көлік жүргізушісі жұмыстан шеттетіліп, көлік мамандарының біліктілігін арттыру орталығына қайта оқуға жөнелтілді.

Елордада 738 қоғамдық көлік жүргізушісі тапшы. Үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмысқа екінің бірі шыдай бермейтіні рас. Ал автобус тапшылығы мәселесі жыл соңына дейін шешілуі мүмкін. Өйткені экономикалық және экологиялық тиімділігі мол 100 электробус келер айда жеткізіле бастайды.

Әлия Жарқынбекова, «Astana LRT» ЖШС қоғаммен байланыс қызметінің бас менеджері:

– Электробустар елорданың қытымыр аязына шыдай ма? Біз осыған дейін тест жұмыстарын өткіздік. Қыстыгүні, яғни аяз күндері электробус таңнан кешке дейін жүрді және сынақ нәтижесі жақсы болды.

Жалпы, көлік саласының мамандары қоғамдық транспортқа мініп-түсерде жолаушыларға сақ болу жөнінде кеңес береді. Көп жағдайда байқайтынымыз, азаматтар қолындағы гаджетіне бола жеке басының қауіпсіздігі туралы ұмытып кетіп жатады. Ал мұның арты қайғылы жағдайға алып келуі мүмкін.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Жандос Битабаров.

Хабар 24 телеарнасы