384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында оқушы қызды зорлаған күдікті ұсталды

  • 213
Жамбыл облысында оқушы қызды зорлаған күдікті ұсталды

Қарағанды облысында кенші жұмыс орнында көз жұмды

Қарағанды шахталарының бірінде жұмысшы қайтыс болды. Ол көмір шахтасының қазандығында еңбек еткен. Соңғы рет өндіріс шебері 16 қараша күні 23.30-дар шамасында қазандық бункеріне көмір толтыру жұмысын бақылаған. Одан кейін байланысқа шықпаған. Әріптестері оны таппаған соң шахта басшылығына хабар берген. Құтқарушылар тобы тек таңертең сағат 8-ден аса жұмыскердің өлі денесін қазандықтың №2 бункерінен тауып алған. Әзірге өлім себебі белгісіз. Бұл іс бойынша мемлекеттік комиссия құрылып, тергеу амалдары басталды.

Владимир Брага, кәсіби авариялық-құтқару қызметі №2 отрядының командирі:
– Жұмысшыны 3 метр қалыңдықта көмір басып тастаған. Бункер түбі жіңішке тәріздес келгендіктен ондағы ылғалды көмірді қолмен қазуға көп уақыт кетті. Әрі төмен жылжып құтқарушыларға қауіп төндірді. Олар арнайы альпинистік арқандармен түсіп жұмыс істеді. Марқұмның денесі табылған соң мамандарымыз тексеріп, өлімнің биологиялық сипатта болғанын нақтылады. Яғни, клиникалық өлім болмаған.

Шымкентте ер адам иіс тиіп қайтыс болды

Шымкентте 1960 жылы туылған азамат улы газдан иіс тиіп қайтыс болды. Оқиға түнгі сағат 01:13 шамасында Байтұрсынов көшесіндегі 42 үйде орын алған. Бұл туралы қалалық төтенше жағдайлар департаменті мен газ тарату мекемесі хабарлады. Оқиға орнына жедел жеткен апаттың алдын алу тобының болжамы бойынша суды жылыту құрылғысынан газ шығуы ықтимал көрінеді. Себебі бөлмедегі газ қондырғысынан мамандар ақау тапқан. Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайы анықталуда.

Ақтөбеде 15 келі есірткі тәркіленді

Ал Ақтөбе облысында полиция департаментінің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері «Авиақалашық» шағын ауданында жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында 39 жастағы ер адамды ұстады. Бұрын сотты болған азаматтан полицейлер бір тор көзді сөмке және бір қағаз қорапшаны тәркіледі. Оның ішінен ерекше иісі бар жасыл түсті өсімдік тектес зат табылған. Сараптама қорытындысы бойынша, алынған заттар 15 келі «марихуана» кептірілген есірткі заты болып шықты. Аталған жайт бойынша, ҚР ҚК 296-бабы 4-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Өңірде жыл басынан 176 есірткі қылмысы анықталды. Нәтижесінде, жалпы салмағы 465 келіден астам есірткі тәркіленіп, оның ішінде 464 келіге жуығы марихуана екені анықталды.

Көкшетауда жол ережесін өрескел бұзған жүргізуші ұсталды

Көкшетауда «ВАЗ 2110» көлігінің жүргізушісі жол ережесін бірнеше рет бұзған. Полиция патрулдері аталмыш көлікті қуып жүріп ұстағаны туралы әлеуметтік желіде таралған болатын. Бұл туралы полиция департаментінің баспасөз қызметі де мәлімдеді. Тәртіп сақшылары Абай және Алтынсарин көшелерінің қиылысында бағдаршамның қызыл түсіне қарамай өтіп кеткен көлікті байқап, соңына түседі. Әуелбеков көшесінің бойында аталмыш көлікті қуып жетіп, жүргізушісіне тоқтауды талап етеді. Алайда, жол ережесін бұзған жүргізуші полицияның талабына құлақ аспай, одан сайын жылдамдығын асырып, Назарбаев даңғылына қарай бет алады. Қашқан көлік жүргізушісі тағы да бағдаршамның қызыл түсіне тоқтамай, жолдың қарсы бағытына шығып, тұтас жолақтан өтіп кетеді. Қашуға қанша тырысқанымен тәртіп сақшылары оны Әуелбеков және Ғабдуллин көшелерінің қиылысында қоршап, қолға түсіреді. Көлік жүргізушісі Көкшетау қаласының 22 жастағы тұрғыны болып шықты. Ал көлігі Ресейде тіркелген. Қазіргі кезде, жүргізушіге қатысты тексеріс жүргізілуде. Оған жол ережесін бұзғандығы туралы 5 әкімшілік хаттама толтырылған.

Жұқа мұз үстімен жүру қауіпті

Қостанай облысында өзен-көлдердің үстімен жүру қауіпті. Себебі, мұздың қалыңдығы әлі жұқа. Есесіне, аймақта бұл күндері жылымық ауа райы орнаған. Дегенмен, Тобыл өзенінде балық аулаушылар қатары азаймай отыр. Олар құтқарушылар ескертулеріне құлақ аспай, өмірлерін күнделікті қауіп-қатерге тігеді. Әсіресе, мектеп оқушылары арасында суда жүру қауіпсіздігі кеңінен насихатталып жатыр. Бұл ретте оқу ордаларында интерактивті сабақтар өткізіліп келеді. Естеріңізге сала кетсек, осы айда Жітіқара қаласындағы жасанды су қоймасында мұз ойылып 5 және 6 жасар бала ауруханада суық тиіп көз жұмған. Жалпы жыл басынан бері облыста 21 адам суда қаза тапты.

Инабат Нағашыбай , ТЖД өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы:

– Құтқарушылар таңертең, түсте, кешке рейдтік жұмыстар жүргізеді. Қазіргі таңда мұз үсті 5-7 сантиметр. Ал негізі 10-15 сантиметр болса, онда балықшыларға балық аулауға рұқсат етіледі.

Жамбыл облысында оқушы қызды зорлаған күдікті ұсталды

Жамбыл облысының полицейлері кәмелетке толмаған қыз баланы зорлау дерегі бойынша қылмыстық істің ізін суытпай ашты. Облыстық полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиевтің мәліметінше, 15 қараша күні «103» жедел жәрдем қызметінен Тараз қаласы Полиция басқармасының Жедел басқару орталығына кәмелеттік жасқа толмаған қызды зорлады деген хабарлама келіп түскен. Аталған дерек бойынша Полиция департаменті Қылмыстық Кодекстің 120-бабы 4-бөлімі және 121-бабы 4-бөлімімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізген. Тәртіп сақшылары ауыр қылмысты жасаған күдіктіні ізін суытпай анықтап, ұстаған. Жәбірленуші күдіктіні таныды. Қазіргі уақытта ол Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Шымкентте төбелестен оқушы жарақат алды

Шымкентте №34 орта мектебінің 11-сынып оқушыларының арасында орын алған даулы жағдайдың соңы төбелеске ұласқан. Оқушылардың бірі орташа дәрежедегі жарақат алып, қалалық ауруханаға жатқызылды. Бір қызығы екі тарапта арыз жазудан бас тартқан. Аталған жайт ҚР ҚК 107-бабы 1-бөлігі денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Ал ювеналды полиция қызметкерлері жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

 

Хабар 24 телеарнасы