425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алдағы 2-3 жылда Түркістан қаласының аймағы ну орманға айналады

  • 1312
  • UPD: 15:52, 19.11.2019

Киелі шаһарды жел эрозиясынан сақтап, экологиялық ахуалын тұрақтандыру және қолайлы климат қалыптастыру мақсатында қала айналасынан «Жасыл белдеу» құрылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл аймақта 2019-2023 жылдар аралығында 4 млн түп көшет отырғызылады деп күтілуде. Көгалдандыру жобасына сәйкес, биыл 180 мың түп көшет егу жоспарланса, бүгінге дейін соның 130 мың данасы егілді.

Райымжан Қошқаров – Түркістан қаласының тумасы. Өзі облыстық өзбек этно-мәдени бірлестігінде жұмыс істейді. Киелі шаһардың экологиялық ахуалы алаңдататындықтан ағаш егу шарасына қуана келіскен. Бірлестіктегі қыз-жігіттерді де өзімен бірге ала келіпті.

Райымжан Қошқаров, қала тұрғыны:

– Қаланың экологиясы дұрысталады. Мынау өсіп жатқан, өніп жатқан балаларымыз ертең демалатын ауаның тазалығы, түрлі-түрлі көп мәселелер шешіледі. Ел болып, жұрт болып ізгі жұмыстарды бірге істесек, халықтың ертеңгі күніне қызмет етеді. Қазақстанның ертеңгі күніне, Түркістанның гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі ғой.

Көне шаһарды жасыл желекке айналдыру, көгалдандыру мақсатында облыс әкімдігінің ұйытқы болуымен қала 32 секторға бөлініп, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жасыл белдеу аймағында 300 гектар тәлімбақ бар. Онда 400 мыңға жуық сеппе көшет арнайы техниканың көмегімен егілуде.

Мұңайтпас Әлшериев, орманды молайту инженері:

– Мұның ішінде қарағай бар, терек, емен, үйеңкі, шаған ағаштары егіліп жатыр. Сонымен бірге жеміс ағаштарынан; өрік, алма ағаштары егілуде. Биылғы жылғы күзді 2 мың гектармен аяқтаймыз. Былтыр 500 гектар, биыл 1600 гектар егеміз. Сонымен 2 мың гектар жерге егіледі биыл. Қазірше цестирналармен тарктормен әкеп құйып жатырмыз. Көктемнен бастап, 200 ұңғыма қазылады. Әр 500 метрден 1 ұңғыма түседі. Сонымен суғарылады.

Жоспар бойынша «Жасыл белдеу» аймағының жалпы көлемі 7700 гектар аумақты қамтиды. Оған 2019-2023 жылдар аралығында 4 млн түп көшет егу көзделіп отыр. Қазір Қарашық өзені аумағы 5 учаскеге бөлініп, тал егу, суғару жұмыстары жүріп жатыр. Биыл 2 мың гектарға 628 мың түп, 2020 жылы 2400 гектарға 1 млн дана, 2021-2022 жылдары 3000 гектарға 2 млн дана түп әртүрлі көшет егіледі. Бұл игі іс облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына жүктелген.

Қайрат Абдуалиев, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

– Экологияны тазарту мақсатында, барлық аймақтағы полигондарды түзете отырып, осы алқаптардың ары қарай дамыту, өсіру, осы аймақтың жаңартылуына биылғы жылға 1-этап, келесі 2022 жылға дейін толығымен қамтылатын болады. Осы өңірге лайықты, тиімді, ауа райына төзімді ағаштар егілу арқылы осы іс-шараның барлығы атқарылатын болады. Қазір питовникке ғана қаржы бөлініп отыр. Техникасын жаңарту, картондар ұйымдастыру, ал жалпы атқарылып жатқан жұмыстар аудандық орман шаруашылығының күшімен егіліп жатыр. 

Жоспарға сәйкес, 2020 жылы Түркістан қаласының ішіне 250 мың түп түрлі көшеттер отырғызылады. Осылайша облыс орталығын көркейту жұмыстары ары қарай да жалғаса бермек.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.

Хабар 24 телеарнасы